Жаңалықтар тізбегі
0

Өскеменде Керей мен Жәнібектің ескерткіштері бар Тәуелсіздік монументі ашылды

Тәуелсіздік монументі, сурет - Zakon.kz жаңалық 11.12.2021 14:39 Сурет: ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
Асқар Мамин Тәуелсіздік күніне орай Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары мен жұмысшыларына, білім, денсаулық сақтау және спорт салаларының қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табыстады

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барып, Тәуелсіздік монументінің ашылуына және Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Тәуелсіздік монументі ел тарихындағы көптеген дәуірлік оқиғалар мен оның қалыптасу кезеңдерін бейнелейді, мемлекетіміздің біртұтастығы мен беріктігінің белгісі. Асқар Мамин

Монументтің биіктігі – 15,7 м, диаметрі – 10,9 м. Төбесінде Қазақ хандығының негізін қалаушылар – Керей мен Жәнібектің мүсіндері, төменгі бөлігінде Қазақстанның даму тарихы бейнеленген барельеф орнатылған. Монументтің орталық бөлігінде үш жоғарғы бидің – Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би мүсіндері орналасқан, сондай-ақ ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздіктің туын қолда берік ұстау – Қазақстанды өз Отаным деп санайтын әр адамның ең басты борышы, ең биік мақсаты» деген дәйексөзі үш тілде жазылған. 

Сондай-ақ Тәуелсіздік монументінің ашылу салтанатына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, филология ғылымдарының докторы, Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің профессоры Арап Еспенбетов, жазушы Әлібек Қаңтарбаев және жеңіл атлетикадан олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова, өңір жұртшылығы қатысты.

Мамин Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты шарада сөйлеген сөзінде Шығыс Қазақстан облысының жоғары өнеркәсіптік және аграрлық әлеуеті бар екенін, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті.

1991 жылдан бастап жалпы өңірлік өнім 25 есе өсті. Облыста елдің бүкіл өнеркәсіптік өндірісі өнімінің 10%-ға жуығы, ҚР барлық өңделген өнімінің 11%-дан астамы өндіріледі. Өңір – ҚР-да жетекші орын алатын қуатты индустриялық орталық. Индустрияландыру бағдарламасы облыста бұған дейін шығарылмаған, қосылған құны жоғары ондаған жаңа өнім түрін өндіруді ұйымдастыруға жол ашты.

Өңір экономикасының маңызды секторы – агроөнеркәсіптік кешен, ол еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Көлік және инженерлік инфрақұрылым белсенді түрде жаңғыртылып жатыр, балабақшалар, мектептер, медицина және спорт объектілері салынуда.

Тәуелсіздік жылдарында 8 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Облыстың әлеуетін дамыту аясында 2025 жылға дейін металлургия, химия өнеркәсібі, АӨК, энергетика, ЖЭК, құрылыс сияқты перспективалы салаларда жалпы сомасы 4,5 трлн теңге болатын 200-ге жуық маңызды инвестициялық жобаны іске асыру жоспарда бар.

Сонымен қатар салтанатты жиында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Тәуелсіздік күніне орай Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары мен жұмысшыларына, білім, денсаулық сақтау және спорт салаларының қызметкерлеріне мемлекеттік наградаларды табыстады.

II дәрежелі «Достық» орденімен Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Геннадий Пуссеп марапатталды. «Құрмет» орденімен «Қазмырыш» ЖШС коммерция жөніндегі атқарушы директоры Игорь Радович, «Үлбі металлургия зауыты» АҚ басқарма төрағасы Сергей Бежецкий, «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ президенті Әсем Мамутова, Оралхан Бөкей атындағы №44 лицейдің мұғалімі Бағжамал Садықова марапатталды. III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен «Төре-Тоғам» ЖШС тракторшысы Өміртай Әсіпов және «Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Қазақстан теңге сарайы» РМК бағалы металдардан жасалған бұйымдар учаскесінің гальванигі Людмила Гречухина марапатталды. «Ерен еңбегі үшін» медалімен Шығыс Қазақстан облыстық бұқаралық спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебінің жаттықтырушы-оқытушысы Айдар Қайырбаев марапатталды. «Шапағат» медалімен Шемонаиха аудандық ауруханасының бас медбикесі Вера Шеплякова, ҚР Құрмет грамотасымен «Алгүл» шаруа қожалығының басшысы Әлібек Бахтияров марапатталды.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: