Отандық туынды Германиядағы кинофестивальде үздік атанды
Кек алуды мақсат еткен үш әйел туралы әлеуметтік драма "Үздік драмалық қысқа сериал" номинациясына ие болды.
Аталған номинация үшін "Мыстан" веб-сериалымен қатар ресейлік Strings, Dead Center (Австралия), Arthur - 2 season (Швейцария) және Филиппин елінің кинотуындысы Meet Me Outside таласқа түсті.
Биылғы фестивальге қатысу үшін әлемнің 60 мемлекетінен 2000-нан астам өтінім түскен. Шешуші кезеңге Франция, Испания, АҚШ, Бразилия, Канада, Қазақстан, Швейцария, Польша, Ресей және Австралияның 27 веб-жобасы өтті.
Халықаралық фестивальдегі қазылар алқасының құрамында неміс актері Ханнес Хеллманн (Өмір ғажап, Роберто Бениньи), Beta Film GmbH халықаралық сатылымдар мен сатып алулар жөніндегі вице-президенті Леонид Годик, Webfest Berlin-нің негізін қалаушы Мередит Беркхолдер мен режиссер, продюсер әрі актер Ерден Төлемісов болды.
Контент-индустрия жыл сайын жаңарып, дамып жатыр. Бұл құбылыс веб-сериалдарға оң ықпал етті. Бүгінде жобалардың сапасы мен желісі теңесіп келеді, бұл – жақсы жаңалық. Осыдан 3-4 жыл бұрын режиссерлік дебют үшін жүлделі болғандардың қатарында мен де болдым. Сонда мен шетелдік әріптестеріме жақында қазақстандық жобалардың таңқалдыратынын айтқан едім. Актер Ерден Төлемісов
Режиссер Ернар Нұрғалиев "Мыстан" веб-сериалынан қоғамды толғандыратын көптеген сұрақтарға жауап табуға болатынын айтты. Мұнда әділетсіздіктің құрбаны болған әйелдердің оқиғалары суреттеледі.