Мемлекет басшысы Төлеубек Аралбайдың туыстарына көңіл айтты
Театр және кино актеры Төлеубек Аралбай 72 жасқа қараған шағында өмірден өтті.
Президент артистің қажырлы еңбегі мен театр және кино өнеріне қосқан үлесі ұмытылмайтынын айтты.
Төлеубек Мұхамеджанұлы қазақ өнерінің қара шаңырағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында ұзақ жылдар қажырлы еңбек етті. Отандық кино мен телесериалдардың сәнін кіргізіп, актерлық шеберлігімен көрермен көзайымына айналды. Ұстаз ретінде көптеген таланттың жолын ашты. Театр және кино өнерін өркендетуге мол үлес қосқан Төлеубек Мұхамеджанұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын, – делінген жеделхатта.
Актердың ұлттық сахнадағы биік өнері бағаланып 1995 жылы "Қазақстанның еңбек сіңірген артисі" атағына ие болды.
1998 жылы "Астана" медалін, 2006 жылы "Құрмет" орденін, 2016 жылы "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл" мерекелік медалін алды.
2017 жылы "Парасат" орденінің, 2018 жылы "Үздік екінші пландағы актер" номинациясы бойынша Қазақстан Театрлар Ассоциациясының "Сахнагер" Ұлттық театр сыйлығының иегері атанды.
Актер "Аждаһа жылы", "Шоқан Уәлиханов", "Азиат", "Қызжылаған", "Шегіртке", "Көшпенділер", "Рекэтир", "Періште", "Мұстафа Шоқай", "Астана – махаббатым менің", "Жаужүрек мың бала", "Жоюшы", "Ликвидатор" фильмдерде негізгі рөлдерде ойнаған.