Түркі елдері туристік дәліз құрады
Әзірге, құзырлы органдар арасында тиісті келісім жүріп жатыр.
Самарқанның сан ғасырдан бергі сәніне айналған сәулет нысаны әйгілі Әмір Темір салдырған Регистан. Алыстан «мен мұндалайды». Тұтас бір елдің жауһар жәдігері дерсіз. Самарқанда жыл 12 ай осындай күн райы. Жаймашуақ. Жаз айларында тіпті аптап ыстық. Туристер ең қолайлы мезгіл деп көктем мен күзді атайды. Ал түркі елдерінің рухани астанасы Түркістанға келсек, қала қайта түлеп жаңғырған. Тәу етіп баратын 50-ге тарта киелі жер бар, деп хабарлайды "Хабар-24".
Қазір бүкіл әлемде 0 ережесі деген бар. Адамдар бірінші барып үйренген соң соған қарап отырып инфрақұрылым құрылады. Домалақ ана, Арыстанбаб, Укаш ата бар, барлығына тартылды. Бүгінгі күнде онымен ғана шектелмей, әрі қарай адамдардың келуіне жұмыс жасау керек. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Рашид Аюпов
Ежелгі сауда жолының бойында орналасқан бұл қалалар жаңа туристік дәліздің құрылуына сеп. Саяхатшылар алдымен Қырғызстанға, кейін қазақтың ұлы даласымен жүріп, Түркістанға барады. Одан әрі Самарқан-Бұқара арқылы Түрікменстан, Әзербайжан, Түркияға бағыт алады. Бір ерекшелігі, дәліздің бойында визасыз режим қалыптасады. Еркін қарым-қатынас орнайды.
Өзбекстан «Тәбәрік зияраты» жобасын жүзеге асыруды ұсынады. Ол жерде түркі елдерінің тәу етіп баратын орындары жинақталады. Біздің мемлекеттерде бұл бағытта әлеует көп. Ислам дінінің өркениеті осында қалыптасқан. Мұны туризмнің жаңа түрі десек болады. Түркі кеңесі ұйымы бас хатшысының орынбасары Мирзохид Азимов
Түркі елдерінің қай-қайсы да жыл сайын миллиондаған саяхатшы қабылдайды. Былтыр Түркістанға барған туристер саны 1 жарым млн жуықтады. Дей тұрғанмен, туыстас халықтардың байланысы, ежелгі қалалар мен сәулет нысандары, түптеп келгенде ортақ тарихы кең насихатталмайды. Мәселен, «Түркістан-Самарқан-Бұқара» бағыты әлі танымал емес.
Еркін қарым-қатынас орнату үшін онлайн платформа әзірлеп жатырмыз. Сол жерге барлық шаһар енгізіледі. Виза сұралмайтын жағдай жасалады. Гид қызметі қажет етілмейді. Билет, қонақүй туралы мәліметтер енгізіледі. Өзбекстанның туризм министрлігінің департамент директоры Жахангер Саидов
Бауырлас мемлекеттердің басшылары бұл бағытта бірлескен жобалар әзірлеу қажеттігін тапсырды. Соның нәтижесінде Самарқанда ұйымдастырылған жұмыс тобының отырысында жаңа ұсыныстар айтылып сараланды. Енді мәселе министрлер деңгейінде талқыланады. Келесі жиын Әзербайжан астанасы Бакуде өтеді деген жоспар бар.