2023 жыл түркі әлемінде Темірбек Жүргенов жылы болып жарияланды
Бүгін, 20 желтоқсанда Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев ТҮРКСОЙ бас хатшысы Сұлтан Раевпен кездесу өткізді. Тараптар биылғы бірлесіп атқарған жұмыстардың қорытындысын талқылап, келесі жылға арналған іс-шаралар жоспарын қарастырды.
Қазақстан тарапының ұсынысымен 2023 жыл түркі әлемінде Темірбек Жүргенов жылы болып жарияланды. Сонымен бірге ТҮРКСОЙ аясында театр және кино актрисасы Бикен Римованың 100 жылдығы, жазушы Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығы, қазақ ақыны, әдебиеттанушы, жазушы Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығы түркі тілдес елдерде кеңінен аталып өтеді.
"ТҮРКСОЙ ықпалымен түркі әлемінің ынтымақтастығы сапалы жаңа деңгейге көтерілуде. Тарихи-мәдени мұраны сақтауға маңызды мән беріліп отыр. 2023 жылы Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымының (ТҮРКСОЙ) құрылғанына 30 жыл толатынын білеміз. Мерейтой жылы барлық бағыттар бойынша жұмысты одан әрі жандандырып, бірігіп жұмыс істеуге дайынбыз", - деді Дәурен Абаев.
Айта кетейік, 2023 жылы Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына орай ТҮРКСОЙ қолдауымен фильм түсіріп, оны ұйымға мүше мемлекеттер аумағында көрсету жоспарланған.