"Қазақ" газетінің 17 саны табылмай жатыр
Бұл - ХХ ғасыр басында қазақтың ұлттық мүддесі, тарихы мен мәдениеті, тұрмыс-тіршілігінің айнасы болған басылым. Газет материалдары бірнеше жыл бұрын жинақталып кітап болып шыққан. Дегенмен ол толық нұсқа емес. Басылымның 17 саны әлі табылмай отыр. Бес жыл жарық көргенде 4 000-ға жуық бүркеншік есім пайдаланыпты. Мұның сыры әлі ашылған жоқ. Алматыда ғалымдар жиналып, газеттің тарихын тағы бір зерделеді. Бұл туралы "Хабар 24" телеарнасы хабарлады.
1913 жылы жарыққа шыққан газеттің бес жыл ішінде 8 мыңға жуық тиражы тараған. Кейінгі жылдары ғалымдар газетті Түркияға жаздырып алған абоненттерді тапқан. Зерттеушілердің сөзінше, бұл - басылымның маңызды болғанының тағы бір айғағы.
"Қазақ" газетін газет деп айтуға ауыз бармайды. Оның қызметі оның ауқымынан анағұрлым асып жығылады. Байтұрсынұлы басқарған, негізін қалаған, оған Бөкейханов атсалысқан, Дулатов атсалысқан басылым, қазақ өміріне байланысты іргелі фундаментальді мәселелерді көтерді. Оның шешімін айтты. Оның сол жоспарлы жұмыстардың іске асуына бар күшін салды. Аяғына жеткізуге мүмкіндігі болды". Тарихшы, ҚР ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелді
"Қазақ" газетінің тек 1913, 1914, 1915 жылдары шыққан сандары кириллицаға аударылып, кітап болып басылды, яғни мерзімді басылымдағы материалдар әлі толықтай оқырман қолына тиген жоқ. Әрі газеттің табылмаған санадары да бар. Бұл ұлттық баспасөзіміздің толық жылнамасын жасауға кедергі келтіріп отыр, дейді ғалымдар.
"Қазір "Қазақ" газетін зерттеп, "Қазақ" газетінде есімі анықталмаған тұлғаларды анықтап отырмыз. Жалпы "Қазақ" газетінде 3 866 бүркеншік есім бар, яғни олардың кім екені анықталмаған. Болашақта біз "Қазақ" газетінің негізінде бүркеншік есімдер сыры деген кітап дайындаймыз. Әлі "Қазақ" газетінің 17 саны табылған жоқ. Табылмаған нұсқалар, шетелдегі абонеттердің сақталған коллекциялық қорлардан не болмаса Ресейдің мұрағаттарынан табылып қала ма деген үміт бар". Алаштанушы Елдос Тоқтарбай