"Өлеңі тоқтамайды...". Алматылық қаралы қауым Darkhan Juzz-дың рухына тағзым етті
Қаралы қауым Арбатқа марқұмның Qazaq indie жанрындағы әндерін айту үшін жиналды. Блогер түсірген видеодан көрініп тұрғандай, жарығы қосылған ұялы телефондарын көкке көтеріп, әншінің әнін жаппай орындаған жанкүйерлер сүйікті музыкантымен осылайша қимай қоштасты.
Бұған дейін хабарланғандай, белгілі қазақстандық әнші Дархан Жүнісбеков (Darkhan Juzz) Таиландта қаза тапты. Кейін ҚР Сыртқы істер министрлігі әншінің Таиландтағы Пхукет аралында жол апатынан көз жұмғанын растады.
Дархан Жүнісбеков (Darkhan Jazz) 1991 жылы 9 тамызда Алматыда дүниеге келген. Ол рэп әндерін орындаушы, бірқатар әндердің авторы әрі саунд-продюсер. Darkhan Juzz өз шығармашылығында классикалық трап, акустикалық гитара және сыршыл лириканы жарасымды етіп, ұштастырады.