Аида Балаева Қазақстандағы өнер адамдарының мінез-құлқын бағалады
Журналистер Қазақстан әншілерінің сахнада, қоғамда өзін-өзі ұстау мәдениетін бұзу фактілері бар екенін айтты. Мысал ретінде олар жақында көлікті мас күйінде айдағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған әнші Төреғали Төреәліні келтірді.
"Өнер адамы болсын, журналист болсын, министр болсын, әр адамның ішкі мәдениетіне байланысты. Бұл маңызды. Өнер адамы сахнаға шықса, өз көрерменін, тыңдарманын сыйлауы керек. Бізде туды балағаттап, сахнада балағат сөздер айтқан адамдар болды. Мұндайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған", – деп жауап берді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Ал оның бағалауынша, мұндай жағдайлардың кең етек алу үрдісі жоқ.
"Әр өнерпаз немесе топ өз тыңдарманына құрметпен қарайтынын және оларды бағалайтынын білемін. Өйткені бұл оның мансабында ұзақ немесе қысқа жолды таңдағанын анықтайды", - деді министр.
2022 жылдың маусымында "Ирина Кайратовна" тобы мен рэпер Shiza-ның концертінде резонанс тудырған оқиға болды: рэпер сахнаға Қазақстан туын ұстап шығып, әдепсіздік танытты, балағат сөздер айтты. Қасындағы "ИК" тобының мүшелерінің бірі оған күліп, қатты айғайлай бастады.
Осыдан кейін сенат депутаты Нұртөре Жүсіп заңның мемлекеттік рәміздерді қорлауға қатысты баптарын барынша қатайтып, белгіленген айыппұлды екі есе көбейтіп, жаза мерзімін бес жылға дейін ұзартуды ұсынды.