Түркістан облысында мал ұрлап келген екі бірдей ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды
Түркістан облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру шаралары кезінде Ордабасы мен Арыс ауданында мал ұрлаумен айналысқан екі бірдей ұйымдасқан қылмыстық топты ұстады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Күдіктілердің бірі бұған дейін де мал ұрлығы қылмысы бойынша сотты болған Шымкент қаласының тұрғыны болса, қалғандары бір-біріне туыс болып келетін Ордабасы ауданының тұрғындары екені анықталды.
– Бүгінгі күнге дейін күдіктілер жалпы сомасы 10 миллион 400 мың теңге болатын 26 жылқыны жымқырған. Олар өздерінің рөлдерін бөліп алып, алдын ала жоспарлы түрде ұрлаған жылқыларын сойып, еттерін базарға алып барып өткізген. Қылмыстық топ мүшелерінен малды артып әкетіп жүрген ГАЗель көлігі мен екі жылқы айғақты зат ретінде тәркіледік. Ұрланған мал етін сатып алып отырған сатушы әйел де ұсталды. ТО Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов
Қазіргі таңда күдіктілер қамауға алынып, оларға қатысты ҚР ҚК 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Дәл осыған ұқсас мал ұрлығын ұйымдастырған тағы бір ұйымдасқан қылмыстық топ Арыс ауданынан ұсталды.
Тексеру кезінде ұсталған үш күдікті де бұрын осындай қылмысы үшін сотты болған ер азаматтар, яғни Шымкент қаласының тұрғындары екені анықталды. Осыдан соң күдіктілерден жылқылардың еттерін сатып алған екі азамат қолға түсті. Олардың бірі Шымкент, екіншісі Түркістан облысы Сайрам ауданының жергілікті тұрғындары. Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері жалпы 19 бас жылқыны жымқырып, 7 миллион 600 мың теңгеге шығын келтірген. Аталған топ мүшелерінен BMW жеңіл көлік пен 16 калибрлі аңшы мылтығы тәркіленіп алынды. ТО ПД бастығының орынбасары Құрманбек Сахов.
Бұл топ мүшелерінің де қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргзіліп жатқаны хабарланды.