Түркістан облысының полицейлері алаяқтық жасаған әйелді анықтады
Түркістан облысы Мақтаарал ауданының тәртіп сақшыларына Шымкент қаласының тұрғыны арызданған. Жәбірленуші әйел өзін WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы белгісіз азаматша 10 күн ішінде ақшаңды 100% көбейтіп беремін деп алдағанын айтқан.
Яғни күдікті салған ақшаң еселеп қайтарылады деп сендіріп, одан 500 000 теңге алған. Алайда арада біраз уақыт өткен соң телефонын көтермей, байланысқа шықпай қойған. Содан алаяққа алданғанын түсінген тұрғын бірден полицейлердің көмегіне жүгініпті.
Тұрғынды алдап, ақшасын қалтасына басқан алаяқты ұстау үшін тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел тергеу тобы құрылды. Жәбірленушінің ақша салып жіберген банк қосымшасы арқылы күдіктінің жеке басы анықталды. Аталған жайт бойынша полицейлер ҚК 190-бабы «Алаяқтық» қылмыстық құқық бұзушылығы деп іс тіркеді. Түркістан облысы ПБ баспасөз қызметі
Полицейлер күдіктінің жеке басын анықтап, Алматы қаласында жүрген жерінен ұстады. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полицейлер ел тұрғындарын алаяқтардың қармағына түсіп қалмауға шақырады.