ШҚО да жүк вагондары тағы да рельстен шығып кетті
8 сәуір күні сағат 10: 35-те Шығыс Қазақстан облысының Алтай-Күмістау теміржол учаскесінде бес жүк пойызы рельстен шығып кетті. Вагондарда цемент болған. "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ баспасөз қызметі
Компанияның хабарлауынша, бір вагон "КузбассТрансЦемент" ЖШС-ға (Ресей) тиесілі болса, қалғандары – "Каспий Цемент" ЖШС-ның (Қазақстан) меншігі. Жүк тиеген вагондар 28 км/сағ жылдамдықпен жүрді.
Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Жолаушылар және жүк пойыздарының кідірісі тіркелмеді. Қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Вагондардың рельстен шығу себептері анықталуда. "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ баспасөз қызметі
3 сәуірде Өскемен-Күмістау темір жол учаскесінде жүк пойызының 18 вагоны рельстен шығып, олардың алтауы Ертіс өзеніне құлады. Вагондарда шлак пен кен болған.
6 сәуірде экологтар жүк вагондары құлаған Ертіс суынан алынған сынамаға жүргізілген химиялық талдау нәтижелерін жариялады. Су сынамасында мырыштың шекті рұқсат етілген концентрациясының 1,3 есе артқаны анықталды. Одан бөлек, осы сынамада және төменгі ағыс бойынша іріктеп алынған сынамада мыс концентрациясының жоғары көрсеткіші тіркелді.