Шымкентте колледж жатақханасында бірінші курс студентін өлтірген жасөспірімдер сотталды
"Астана" телеарнасының хабарлауынша, кеше, 1 ақпанда кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жатақханадағы өлімге қатысты сот үкімі оқылды. Қылмыстық істі қараған сот төрағасы екі жасөспірімге 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Судья Дәурен Сайхановтың дерегінше, олардың бірі марқұмды темекі шеккені үшін тәртіпке шақырмақ болған көрінеді. Содан екі жігіт бірінен соң бірі кеуде тұсынан екі рет соққы берген, содан кейін марқұм өзін жайсыз сезініпті. Жедел жәрдем келгенше жан тапсырған. "Бұл абайсызда өлімге алып келген жағдай екені ескерілді" деді судья.
"Сот ескерді кәмелетке толмағанын, біріншіден. Екіншіден, жәбірленуші тараппен кешірім алып, татуласты, марқұм баланың анасымен. Сол ҚК 55 баптың 2 бөлігін қолдана отырып негізгі жазадан төмен жаза тағайындалды. Бірақ бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды - 6 жыл 8 айға. Негізі қылмыстық кодекстің 106 бабы 3-ші бөлігінде жазаны өтеу 8 жылдан басталады".Шымкенттегі кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Дәурен Сайханов
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Қайғылы оқиға былтыр 22 қыркүйекте болды. Колледж жатақханасында бірінші курс студенті көз жұмды.