Түркиядағы біздің құтқарушылардың күнделікті мәселесін шешуге елшілік атсалысуда
ҚР ТЖМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазақстандық құтқарушылардың күнделікті ұйымдастырушылық мәселелерін шешуде елші Еркебұлан Сәпиевтің басшылығымен Қазақстанның Түркиядағы елшілігі үлкен көмек көрсетуде.
"Бүгінгі таңда Қазақстан ТЖМ құтқарушылары 7 адамды құтқарып, медицина қызметкерлеріне тапсырды. Қаза тапқан 39 адамның денесі үйінді астынан шығарылды. Оның екеуі - бала. Қазақстан ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері зардап шеккен адамдарға тәулік бойы алғашқы медициналық көмек көрсетуде. Күніне орта есеппен 35-тен астам зардап шеккен адам медициналық көмекке жүгінеді. Олардың ішінде стресстің жедел реакциясымен, тыныс алу жолдарының ауруларымен, сондай-ақ әртүрлі жарақаттармен байланысты аурулар басым". ҚР ТЖМ баспасөз қызметі
Күн сайын жеке құрамның жылыту пунктіне зардап шеккендердің туыстары мен жақындары, орта есеппен 40-50 адам кіріп жылынады. Апаттар медицинасы орталығының медициналық пункті мен медициналық қызметі барлық қажетті медициналық жабдықтармен, дәрілік заттармен қамтамасыз етілген.
Құтқарушылар Газиантеп, Нурдағы, Хатай елдімекендерінде тәулік бойына екі ауысымда жұмыс істеп жатыр. Құтқарушылардың жұмысы көптеген үйінді, тұрақсыз құрылымдар салдарынан күрделене түсуде. Соған қарамастан олар барынша тиімді жұмыс істеуде.