Антикор экс-депутат Әлтаевтың нақты қандай күдікпен ұсталғанын айтты
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таратқан мәліметке сүйенсек, Нұржан Әлтаев Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі, кейіннен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде жүйелі негізде "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтен аса ірі мөлшерде пара алды деп күдіктенеді.
"2018-2020 жылдар кезеңінде жауапты мемлекеттік лауазымдарды атқара отырып, ол Абылай Мырзахметовтың мүддесі үшін әрекет етіп, оның ұйымына мемлекеттік тапсырыстарды алуына ықпал етіп, жалпы қамқоршылық көрсеткен".Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі
Нұржан Әлтаев Астана қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасуда.
"ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды", – делінген хабарламада.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.
10 мамырда Антикоррупциялық қызмет "Атамекен" Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының экс-төрағасы Абылай Мырзахметовті ұстады.