Абай облысында қаза тапқан тракторшының отбасына әлеуметтік көмек көрсетіле ме
Маусымның 15-і күні Сенат кулуарында премьер-министрдің орынбасары – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова марқұмға қандай әлеуметтік қолдау көрсетілетінін және оның тізімге енгізілетінін немесе енгізілмейтінін үкіметтік комиссия анықтайтынын айтты.
"Қосатынын не қоспайтынын үкіметтік комиссия шешеді. Әлеуметтік сақтандыру қоры бөлігінде оның қайтыс болуына байланысты асырауында адам болса, Әлеуметтік сақтандыру қорынан асыраушысынан айырылуына байланысты міндетті түрде мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы және әлеуметтік төлемдер тағайындалады.Бұл қаражат оның өртті сөндіруге қатысқан-қатыспағанына қарамастан төленеді".Тамара Дүйсенова
Төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министр Ибрагим Күлшімбаевтың айтуынша, Сергей Архиповтің өлімінің мән-жайы сараптамадан кейін нақты белгілі болады.
Қайтыс болған тракторист Сергей Архипов, Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиевтің айтуынша, Абай облысындағы өрттен зардап шеккендер арасында жоқ. Оның жүрегі ұстап қайтыс болған. Бұл туралы ол 14 маусымда Мәжіліс кулуарында айтты.
10 маусымда із-түзсіз жоғалып кеткен Бесқарағай ауданы Долан ауылының тұрғыны Сергей Архиповтың денесі зорлық-зомбылық белгілерінсіз, өрт сөндірілген жерден 50 шақырым жерде табылды.