ШҚО-да далаға төгілген күкірт қышқылы тиесілі компанияға айыппұл салынды
Қауіпті сұйықтық суға түскен-түспегенін мамандар әлі растаған жоқ. Алайда, сынамалар бейтараптандыру жұмыстарынан кейін тағы бір рет алынады.
Astana.TV мәліметінше, күкірт қышқылы төгілген жер қыртысын қалпына келтіру үшін 4 тонна әк қажет болған. Ластану алаңы - 100 ш. м. Қазір бұл аумақ қоршалған. Жақын маңда елдімекендер болмағандықтан экологтар адамдар үшін қауіп жоқ деп сендіреді.
"Біздің тексеру нәтижелеріміз бойынша ластаушы заттардың мөлшері белгілі шектен шамамен 50 еседен асқан, өте қышқыл зат. Бүлінген оқиға орнындағы жер қыртысын қалпына келтіру бойынша жұмыстарды жүргізу кезінде, сондай-ақ осы бағыттағы барлық жұмыс атқарылып болғаннан кейін де қайтадан сынамалар алынып, зерттеулер жүргізілетін болады. Яғни, табиғи орта қалпына келгенше". ШҚО Бас мемлекеттік экологиялық инспекторы Рауан Тұраров
Өткен жылдың қазан айында дәл осы компанияның жүк көлігі күкірт қышқылын тасымалдау кезінде апатқа ұшырады. Ол кезде жерге 25 тонна қауіпті сұйықтық төгілген болатын.
Бұған дейін 7 шілдеде Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Ақбұлақ және Егіндібұлақ ауылдарының арасында 23 тонна күкірт қышқылы бар жүк көлігі аударылғаны хабарланған болатын.