Төтенше жағдайлар министрлігі: "Семей орманы" резерватындағы өрт толығымен сөндірілді
ТЖМ таратқан ақпарат бойынша, өрт 13 шілде күні сағат 13-00-де толығымен сөндірілген. Өртенген учаскенің жалпы ауданы 60 000 га болды. Тартылған күштер мен құралдардың көмегімен бұл өрт 14 маусымда сағат 21:00-де оқшауланған-ды, бірақ бір ай өткен соң ғана толық сөндірілді.
Ведомство өкілдері өрт оқшауланып, ТЖМ күштері мен құралдары тұрақты жұмыс орындарына кеткен сәттен бастап оқиға орнында қайта өртену мүмкіндігін болдырмау мақсатында Экология және табиғи ресурстар министрлігінің орман өрт станциялары кезекшілік (қарауылдау) ұйымдастырғанын атап өтті. Өрттің бүкіл периметрі бойынша патрульдеу жүргізілген.
"Өрт көлемі одан әрі ұлғаймай, таралуы тоқтағаннан кейін ғана оның оқшаулануы хабарланатынын атап өткен жөн. Бұл ретте өрттің қайта тұтануына жол бермеу үшін шаралар қабылданып, оның жануы тоқтаған кезде өрт сөндірілді деп есептеледі". ҚР ТЖМ баспасөз қызметі
Абай облысындағы өрт 14 адамның өмірін жалмады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өртке қарсы күреске қатысқан әскерилерді марапаттады.