Антикор Индустрия және инфрақұрылымдық даму экс-вице-министріне қатысты тергеуді аяқтады
Ведомство өкілдерінің 2023 жылғы 31 шілде күні таратқан мәліметінше, Тимур Тоқтабаев Қостанай облысындағы қатты пайдалы қазбалардың (никель және кобальт) ірі қорлары анықталған "Шевченковское" кен орнын барлау сылтауымен аффилиирленген тұлғаларға аукционсыз заңсыз берген деп айыпталуда.
"Нәтижесінде оның бақылауындағы компания қол қою бонусының ең төменгі құнымен өндіруге дайын кен орнын алған. Өзінің әлемдік қорлары бойынша бірегей никель және кобальт түріндегі қатты пайдалы қазбалар 100 млн тонна 5,7 трлн теңге сомасына бағаланады".ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі
Тергеу барысында қабылданған шаралармен аталған кен орны мемлекет пайдасына қайтарылды.
Бұған қоса Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы айыпталушы Тимур Тоқтабаевты сотқа бергені мәлім болды.
Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.
Бұрынғы вице-министрдің ұсталғаны жөнінде Антикор 2022 жылғы 9 қараша күні хабарлаған еді.
"Тергеу соттың санкциясымен Т. Тоқтабаевтың және оның жақын туыстарының (элиталық жеке үйлер, жер учаскелері, Cadillac Escalade маркалы автокөліктері, Mercedes-Benz Maybach S580 4 Matic, екі BMW X5 Xdrive40I, Bentley Bentayga V8) қымбат жылжымалы және жылжымайтын мүлкі анықталды және қамауға алынды".ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі
Шенеунік 7 қараша күні ұсталған.