Алматыда кәсіпкерден 390 мың доллар бопсалаған күдікті ұсталды
Ол өзін құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырып, кәсіпкерлік субъектісіне қатысты тексеру шаралары жүргізіліп жатқаны туралы жалған ақпарат берген.
Күдікті өзінің делдалдық қызметтерін ұсынып, мәселені шешу үшін 390 мың АҚШ долларын талап еткен.
Кәсіпкер алаяқтық әрекеттерге бой алдырмай, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жүгінгеннен кейін, күдікті ақшаны алу кезінде ұсталды.
"Оның тұрғылықты жерін тінту кезінде қосымша 470 мың АҚШ доллары табылды. Оны қайдан алғаны және ұсталған адамның басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр".Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі
Хабарламада сот күдіктіге қатысты "қамауда ұстау" бұлтартпау шарасын тағайындағаны айтылған.
Тергеу жалғасуда.
Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Конституцияның 77-бабына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабына сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.