ШҚО-да аяз күшіне мініп, өзендерде мұз жару жұмыстары басталды
"Қазгидромет" РМК ұсынған болжамға сәйкес, Шығыс Қазақстан облысының аумағында желтоқсанның екінші жартысында ауа райы жағдайларының жиі өзгеруі күтіледі. Қалың қар, боран, аяз болады деп болжанады.
Су объектілерінде мұз жамылғысының пайда болу процесі күрт басталды. Мұз басып, өзендегі қысымның әсерінен су тасу қаупі, ағын жолдарда кептелістер туындауы мүмкін.
Тұрғын үйлерді су басу фактілеріне жол бермеу шеңберінде жергілікті атқарушы органдар Шығыс Қазақстан облысының ТЖД-мен бірлесіп су өткізу құрылыстарын, ағындарды мұз кесектерінен тазарту және басқа да алдын алу бойынша бірқатар іс-шаралар өткізеді.
2023 жылы 12 желтоқсанда Глубокое ауданындағы Горная Улбинка ауылында пайда болған мұз кептелісін жою бойынша профилактикалық жарылыс жұмыстары ұйымдастырылды, ол температуралық фонның күрт төмендеуі нәтижесінде пайда болды. Бұзылған мұз алаңы 1000 шаршы метрден асады.