Түркістан облысында 34 бала астан уланды, оның үшеуі жан сақтау бөлімінде жатыр
Астан жаппай улану оқиғасы 24 маусымда Келес ауданында орын алған. Ауруханаға 34 бала келіп түсті. Олардың көпшілігі - екі-үш жаста. Барлығындағы белгілер бірдей: жүрек айну, әлсіздік, бас айналу және жоғары температура. Жаппай балалар ауыра бастаған соң балабақша қызметкерлері жедел жәрдем қызметіне хабарласқан. Ауруханада 15 бүлдіршінге алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, кейіннен олар амбулаториялық емдеуге жіберілді, 16-сы жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылды, тағы үшеуі жан сақтау бөліміне түскен.
"Бүгіннен бастап жағдайы қалыпқа келген балаларды біз үйлеріне босата бастадық. Қазіргі уақытта тоғыз науқас ауруханада, оның үшеуі жұқпалы аурулар бөлімінде жатыр. Тағы алты баланың жағдайы тұрақты. Олар ем алып жатыр", - деді Zakon.kz тілшісіне Келес аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Бекарыс Асқарбекұлы.
Zakon.kz редакциясына аталған оқиғаға қатысты Түркістан облысының СЭБК баспасөз қызметі де түсініктеме берді.
Мамандардың айтуынша, зардап шеккендердің барлығы таңғы асқа ботқа жеген, түскі асқа сорпа ішкен. Жаппай уланудың нақты себебі сараптама нәтижелерінен кейін белгілі болады.
"Бүгінгі таңда балалардың жағдайы тұрақты. Инфекцияның берілу жолдары мен көздері зерттелуде. Эпидемиологиялық шаралар жалғасуда. Зертханалық зерттеулердің нәтижелері бойынша қосымша ақпарат беріледі", - деп жауап берді редакция сауалына ведомствоның баспасөз қызметі.
Атышулы істі құқық қорғау органдары да тексеріп жатыр. Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі "санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Қазіргі уақытта сараптама тағайындалып, барлық мән-жайлар анықталуда. Тергеу нәтижелері бойынша заңды шешім қабылданады", - деп хабарлады ведомстводан.