Депутат таңбалауға жататын тауарлар тізбесін кеңейтуді тоқтата тұруды ұсынды
Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың 2022 жылғы 11 қаңтардағы Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде «РОП» (өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері) операторы компаниясының қызметі сынға ұшыраған болатын. Осы жекеменшік компанияның қызметін тоқтату туралы тікелей тапсырма берілді әрі ең бастысы, кәдеге жарату және кәдеге жарату алымын жинау жөніндегі функцияларды мемлекет орындауы тиіс екені атап көрсетілді.
Мәжіліс депутаты «Ақ жол» ҚДП фракциясы бұл шешімді түбегейлі қолдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, "Ақ жол" фракциясы 2017 жылғы 20 қыркүйекте премьер-министр Б.Ә. Сағынтаевтың атына жолданған депутаттық сауалда РОП операторының құқықтық мәртебесі және ол жинайтын ақша қаражатының мәртебесі туралы мәселені көтерген.
Біз, шын мәнінде, бұл салық екенін атап көрсеткен едік, бірақ неліктен екені түсініксіз, аталған салыққа жекеменшік тәртіппен әрі бюджетті айналып өтіп иелік етуде. Біз РОП операторын құру кезінде акционер Үкімет болуы тиіс деген мәселені көтердік. Өкінішке қарай, сол кезде біздің сөзімізге ешкім құлақ аспаған еді.Мәжіліс депутаты Дания Еспаева
Депутат "бүгін тауарларды міндетті таңбалау мәселесін көтеруге мәжбүр" екенін айтты. Оның мәлімдеуінше, «Ақ жол» фракциясының депутаттары 2018 жылы Тауарларды таңбалау туралы келісімнің ратификациялануын қолдамаған. Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық одақ комиссиясының алаңында таңбалауға жататын тауарлар тізбесін негізсіз кеңейтуді қайта қарау талабымен Үкіметтің атына екі рет хат жолдаған.
Тауарларды таңбалауды, шын мәнінде, халықаралық практикада қолданылатындай, көлеңкелі, заңсыз тауарлармен күресу тетігі ретінде акцизделетін тауарлар тобы үшін ғана қолдану керек екенін атап өттік.Мәжіліс депутаты Дания Еспаева
Дания Еспаева «Ақ жол» фракциясы үкіметтің назарын міндетті таңбалауды енгізу тұтыну тауарлары мен тамақ өнімдерінің қымбаттауына алып келетініне, бизнес үшін есептілікте елеулі проблемалар туғызатынына аударғанын қайта еске салды.
Шенеуніктер бізді бұл болмайды деп сендірген, бірақ өткен жылы пилоттық жоба таңбалаудың енгізілуі сүт өнімдерінің 35%-ға қымбаттауына алып келгенін көрсетті. Соның нәтижесінде олар одан бас тартты. Бірақ аяқкиім үшін таңбалауды енгізді, содан көптеген аяқкиім дүкендеріне жұмысының тоқтап қалу қаупі төніп түр, кәсіпкерлер бағаның 20-25%-ға өскенін айтып отыр, бұл жалпы инфляцияға үлесін қосуда.Мәжіліс депутаты Дания Еспаева
Басқа тауарлар үшін де таңбалауды енгізу кезекте тұр: мәселен, Үкіметтің 2020 жылғы 10 қыркүйектегі №568 қаулысына сәйкес тоқыма өніміне, су мен сусындарға, дәрілік заттарға таңбалауды енгізу мерзімдері белгіленген. Кезекте басқа да өнімдер бар.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылғы 19 мамырда Президент Қ. Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында тауарларды міндетті таңбалауды енгізуді кейінге қалдыруды және бұл мәселені анағұрлым мұқият зерделеуді ұсынған болатын.
Алайда Үкімет оны енгізуді жалғастыруда. Депутат "мемлекет енгізетін кез келген міндетті төлемдер өзінің табиғаты бойынша салық деп есептелуі тиіс" екенін айтты. Мысалы, алкоголь мен темекі өнімдеріне арналған дәл сол акциздік маркалар, олар да нарықтың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Осыған байланысты, «Ақ жол» фракциясы мемлекет атынан енгізілетін міндетті төлемдер – ал бұл төлемдер, шын мәнінде, салықтар – неліктен жекеменшік компанияға – таңбалау операторына келіп түседі деген сұрақты қайтадан көтеруге мәжбүр. Мәселен, тауарларды таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторы болып 49% жекеменшік құрылымдарға тиесілі «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы айқындалған. Бұл жерде Мемлекет басшысы төлемдерге қатысты мәселесінің басын ашып, олардың жеке тұлғаларға емес, мемлекетке түсуін қамтамасыз етуді тапсырған кәдеге жарату алымымен және РОП-мен еріксіз салыстыруға тура келеді. Мәжіліс депутаты Дания Еспаева
Жоғарыда айтылғандардың негізінде, «Ақ жол» ҚДП фракциясы ұлттық экономикалық мүдделерді қорғау мақсатында Еуразиялық экономикалық комиссияға таңбалауға жататын тауарлар тізбесін кеңейтуді тоқтата тұру туралы ұсыныс енгізуді сұрады.