Cенатор Дана Нұржігіт букмекер кеңселерін жарнамалауға тыйым салуды ұсынды
Депутаттарға азаматтардан көптеген өтініш келіп түседі. Сенатордың айтуынша, құмар ойынға ұрынып, қарызға батқан адамдардың туыстарынан букмекер кеңселерін жарнамалауға қатысты заңнамалық шаралар қабылдауды өтінген хаттар келеді.
«Жарнама туралы» қолданыстағы заңға сәйкес казино мен интернет-казино қызметтерін жарнамалауға тыйым салынады. Бірақ букмекерлік кеңселердің қызметтерін жарнамалауға тікелей тыйым жоқ. Сондықтан мұндай компаниялардың жарнамалары интернетте агрессивті түрде жарияланады. Осы фактіні ескере отырып, букмекерлік компанияларды жарнамалауға толық тыйым салу бойынша қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу қажет.Дана Нұржігіт
ҚР Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің мәліметінше, елімізде тұтынушылық мақсатта алынған несие көлемі 2021 жылдың қыркүйек айының өзінде 3,7%-ға артқан. Бұл дегеніміз — 6,63 трлн теңге. Сонымен қатар 18 жасқа толған кез келген азаматқа төлеу қабілетін анықтамастан мобильді қосымшалар арқылы несие беріледі. Бұны сенатор мәлімдеді.
Сенатордың мәліметінше, Қазақстанда құмар ойыншылардың саны 350 мыңнан асады. Ал бір ойыншының орташа қарызы — 10 миллион теңге.
Депутат бұл мәселеге де назар аударуды сұрады. Дана Нұржігіт ойын бизнесі субъектілерінің әлеуметтік жауапкершілігін күшейту бойынша тиісті жұмыс жүргізу қажет деп есептейді.