Мәжіліс депутаты Алматыдан Сеулге бағыт алған ұшақ жолаушысының өмірін сақтап қалды
«Air Astana» әуе компаниясы Мәжіліс депутаты Ғалымжан Елеуовке 30 сәуірде Сеул-Алматы бағыты бойынша ұшқан жолаушының өмірін сақтап қалғаны үшін алғыс білдірді. Осыған орай бүгін Мәжілісте «Air Astana» әуе компаниясының президенті Питер Фостердің атынан компанияның өкілдері алғыс хат пен арнайы сыйлық табыс етті.
«Air Astana» әуекомпаниясының басшылығы 2022 жылдың 30 сәуірінде Алматы – Сеул бағыты бойынша ұшқан жолаушыға дер кезінде көрсеткен көмегі үшін алғыс білдіреді. Сіздің кәсіби шеберлігіңіз, жауаптылығыңыз және белсенді азаматтық ұстанымыңыз адамның өмірін сақтап қалды, – делінген алғыс хат мәтінінде.
Авиатасымалдаушы компания өкілі атап өткендей, ұшақтың бортында жолаушылардың бірінің қысымы төмендеп, есін жоғалта бастаған. Бортсеріктер салондағы жолаушылар арасынан медицина қызметкерлерін іздеген. Ер адам көмекке келді. Ол кейін белгілі болғандай шетелге іссапармен бара жатқан мамандығы бойынша дәрігер, Мәжіліс депутаты Ғалымжан Елеуов болды.
Ғалымжан Елеуовтың өзінің айтуынша, адам ес-түссіз, клиникалық өлім жағдайында болған. Оның қысымы мен тамыр соғуы сиреп, жедел түрде реанимациялық іс-шаралар жүргізілген.
Сурет: ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметі
Мәжіліс депутаты жолаушының жүрек қызметін қалпына келтіріп, оның жағдайын жақсарта алды. Осылайша, жақын маңдағы қалаға ұшақтың шұғыл қонуы қажет болған, дегенмен 37 жастағы ер адамның жағдайы тұрақтанып, ол әрі қарай ұшуды жалғастырды.