Қазақстанда жаңа Су кодексі қабылданады
Ерлан Қошанов мемлекетаралық су қатынастарын жетілдіруге экологиялық қана емес, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды шарттарының бірі ретінде қарауды ұсынды.
Көрші елдермен өзара тиімді ынтымақтастық орнату Қазақстанның су қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі фактор болуы тиіс.Парламент мәжілісінің спикері Ерлан Қошанов
Бұған қоса ол толыққанды мемлекеттік су кадастры жоқ екенін, бұл ресурстарының сандық және сапалық жай-күйіне мониторинг жүргізуді, экономика салаларының сумен қамтамасыз етілуі бойынша анық теңгерімнің болуын қиындататынын атап өтті.
Қошановтың айтуынша, қазіргі кезде су ағындары мен су айдындарының режимін зерделеу үшін небәрі 310 гидрологиялық бекет жұмыс істейді. Жалпы, мұндай бекеттер 800-ден асуы қажет.
Ол сондай-ақ су шаруашылығы инфрақұрылымы әртүрлі мемлекеттік органдардың қарауында екенін айтты. Спикердің сөзінше, бұл су ресурстарына қатысты тиімді саясат жүргізуді қиындатады. Мәселен, сумен жабдықтау көздері (жерасты, жерүсті) мен топтық сутартқыштарға Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жауап береді. Елді мекендерді сумен жабдықтауды дамытуға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жауапты. Жоспарлау, салу және одан әрі пайдалану жергілікті атқарушы органдардың құзырында.
Еліміздің су саласын дамыту үшін бірнеше ұсынысым бар. Біріншіден, жақын арада парламент мәжілісіне жаңа Су кодексін енгізу керек. Мендегі ақпарат бойынша бұл Су кодексі министрлікте әзірленіп жатыр. Бұл құжатты біздің қараумызға тез арада енгізу маңызды. Ең бастысы, кодекс су ресурстарын сақтауға және оларды тиімді пайдалануға бағытталуға тиіс. Елді мекендерде сумен жабдықтау, су бұру жүйелерін пайдалану, жобалау, салу және реконструкциялау жөніндегі Бірыңғай оператор құру керек. Ерлан Қошанов