Мәжілістің жанынан Қоғамдық палата құрылады
Отырыста депутаттар жаңа диалог алаңына айналатын Парламент Мәжілісі жанынан Қоғамдық палата құру туралы бастаманы қолдады. Бұл туралы алдағы жалпы отырыста жан-жақты талқыланатын болады. Оның құрамына беделді сарапшылар, қоғам қайреткерлері, саяси партиялар мен БАҚ өкілдері кіреді деп күтілуде.
Мәжіліс жанынан Қоғамдық палата құру туралы бастаманы Мәжіліс төрағасы Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында айтты. Ол депутаттардың қарауындағы заң жобаларды ашық талқылауға, қоғамды толғандыратын басқа да маңызды мәселелер бойынша пікір алысатын орын болмақ.
Сонымен қатар Қоғамдық палата Ұлттық құрылтайда қабылданатын шешімдерді, сондай-ақ басқа да қоғамдық және әлеуметтік маңызы бар бастамаларды заңнамалық іске асыру алаңына айналады.
Сондай-ақ Мәжіліс алдағы жалпы отырыста «Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы» және оған ілеспе заң жобаларын бірінші оқылымда қарайтын болады. Заң жобасы геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілері қызметінің жаңа және жетілдірілген тетіктерін енгізу мақсатында әзірленген. Құжат геодезиялық, картографиялық қызметті реттеудің, осы саладағы мемлекеттік бақылауды жетілдірудің жалпы танылған халықаралық қағидаттары мен тәсілдерін енгізуге бағытталған.
Жалпы отырыста Палата комитеті «Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттері талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің көрсетілген саладағы заңнамасын үйлестіру мақсатында жүзеге асыру қағидаттары мен тәсілдері туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын жұмысқа алатын болады.