Қаралы қаңтар: депутат бас прокурорды мәжіліске шақырды
Сурет: Zakon.kz
Депутаттар болған жайды толық түсіну үшін тиісті күштік құрылымдар мен мемлекеттік органдадан қаралы қаңтарға қатысты сауалдарға бүкпесіз жауап беруді талап етті, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Бұл мәселені бас прокурор Берік Асыловқа арнаған сауалында ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин көтерді. Депутат оқиға сұйытылған газ бағасын төмендету керек деген ұранмен басталғанын еске алды. Оның сөзінше, басында бейбіт түрде басталған шеруді арандатушы топтар пайдаланып, оның соңы ірі қалаларда тәртіпсіздік пен қайғылы оқиғаларға ұласты.
"Ең сұмдығы ішкі және сыртқы жауларымыз біріге қылмыстық қимыл жасап, билікке қарсы қолынан келгенін істеді. Олар мемлекеттік органдарға, стратегиялық нысандарға, қару-жарақ дүкендері мен бизнеске тиесілі ғимараттарға аяусыз шабуылдар ұйымдастырды. Шын мәнінде, бұл елдік пен мемлекетімізге төнген аса қауіпті сын-қатер еді".Еділ Жаңбыршин
Құқық қорғау органдары тергеу қорытындылары туралы есеп беріп, бәрі ашық айтылды. Біріне жауап болғанымен, енді кейбіріне тергеу амалдарынан соң нақты жауап айтылады делінді.
"Иә, бүгінде халықтың көкейінде әлі де жауабы жоқ сұрақтар жеткілікті. Сонымен, "Мұны ұйымдастырған кімдер, өйткені барлық өңірде бір мезгілде толқулар басталды және қаскөйлердің негізгі мақсаты не болды?", "Қаңтар оқиғасы қандай зақымдар мен шығындар келтірді?", "Лауазымдық міндеттерін атқару кезінде қайтыс болған және зардап шеккен қызметкерлерді әлеуметтік жағынан қорғау, кездейсоқ қаза болған азаматтарымыздың жақындарына көмек көрсету бойынша қандай жұмыстар жүргізілді?" – деген сауалдар ел ішінде айтылып жүр. Бүгінгі күні болған оқиға бойынша толық түсінік қажет. Елді ыдырату үшін жасалған опасыздардың жүйелі қимылы, қырағы дайындығы туралы тек қана болжамдар бар. Ашығын айтсақ, қазір қоғамда түрлі қауесет тарауда. Бұл ахуал жалған түсінік қалыптастырып, фейк ақпараттардың тарауына зор ықпалын тигізіп отыр. Сондықтан құқық қорғау органдарының тергеу амалдарының қорытындысына сүйенген, оқиғаның бірізді мән-жайы ашық айтылып, оның әділ бағасы берілуі керек деп санаймыз".Еділ Жаңбыршин
Оны палата спикері Ерлан Қошанов қолдады. Ол мәжіліс аппаратына тиісті тапсырма берді.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript