Қазақстан мен Әзірбайжан өсімдіктерді қорғау саласында ынтымақтасады
Заңның негізгі мақсаты - карантинге жатқызылған өнімді елге әкелу кезінде фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралар мен өзара іс-қимылды нығайту.
Заңның міндеті - 2017 жылғы 3 сәуірде Баку қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзірбайжан Республикасының Үкіметі арасындағы Өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді (бұдан әрі – Келісім) ратификациялау.
Екі ел арасында карантинге жатқызылған өнімдер тасымалының үлкен көлемі салдарынан тараптардың аумағына карантиндік объектілердің ену қаупі бар, олардың таралуы екі ел аумағының фитосанитариялық жай-күйіне теріс әсер етеді.
Осыған байланысты Келісімді ратификациялаудан мынадай нәтижелер көзделеді:
- карантинге жатқызылған өнімдерді тасымалдау кезінде Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасының қолайлы фитосанитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ынтымақтастықты одан әрі дамыту;
- өсімдіктер карантині саласындағы жаңа нормативтік актілер мен карантиндік зиянды организмдердің ұлттық тізбелері туралы, сондай-ақ ел аумағындағы фитосанитариялық ахуал туралы ақпаратпен алмасу;
- карантиндік организмдерді зерттеу және диагностикалау тәжірибесімен алмасу бөлігінде өсімдіктер карантині жөніндегі ғылыми ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты жүзеге асыру;
- тараптар арасында карантинге жатқызылған материалды әкелу партияларына қатысты талаптарды бекіту күтіледі.
Тұтастай алғанда, Заң тасымалданатын өнімге қажетті фитосанитариялық бақылауды қамтамасыз етуге, өсімдіктер карантині жөніндегі ұлттық қызметтердің бірлескен іс-шараларына және өзара іс-қимылына бағытталған және Қазақстанның экспорттық әлеуетіне оң әсерін тигізеді.
Сонымен қатар Заң теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды, республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейді.