Нұрсұлтан Назарбаев – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, ҚР Конституциялық кеңесінің мүшесі. 1940 жылы 6 шілдеде Алматы облысы, Шамалған ауылында дүниеге келген. 1967 жылы Қарағанды металлургия комбинаты жанындағы техникумның кешкі бөлімін (инженер-металлург), 1976 жылы КПСС Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін сырттай бітірді. 1992 жылы Ресей басқару академиясында кандидаттық диссертация қорғады, экономика ғылымдарының докторы. Еңбек жолын 1958 жылы жұмысшы болып бастады. 1962 жылдан бастап КПСС мүшесі. 1989 жылы 22 маусымда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, КПСС орталық комитеті саяси бюросының мүшесі, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, КСРО халық депутаты болды. 1990 жылы 24 сәуірде Қазақ ССР Жоғарғы кеңесі Қазақстан президенті лауазымын бекіту туралы заң қабылдап, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты республика басшысы етіп сайлады. 1991 жылы 1 желтоқсанда өткен алғашқы жалпыхалықтық сайлауда Назарбаев 98,7% дауыс жинап, Қазақстанның президенті болып сайланды. Одан кейін 1999, 2005, 2011, 2015 жылдары қайта сайланды. Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кеткеннен кейін Қауіпсіздік кеңесінің басшысы қызметінде қалды.
Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады