БҚО-да мас полицей кісі өліміне әкелген жол апатын жасады
БҚО-да орын алған жол апатынан кейін полицей қамауға алынды, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Мой город" басылымының мәліметінше, қайғылы оқиға 1 желтоқсан күні сағат 19:00-де Орал – Тасқала жолының 46-шы шақырымында болған.
БҚО полиция департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Рамазанов жол апатын Теректі ауданының ауылдық полиция бөлімшесі бастығының орынбасары жасағанын айтты.
Апат салдарынан бір адам қаза тауып, екі адам түрлі дене жарақатын алды.
Полиция қызметкерінің іс-әрекеті үшін жол апатынан қаза тапқан кісінің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз. Қазіргі уақытта қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр. Басшыларға қатысты тәртіптік сипаттағы шаралар қабылданады, ал ЖКО жасаған қызметкер ішкі істер органдарынан шығарылады. Біз жол апатын жасаған адамның әрекетін жасырып, жаппаймыз. ҚР ҚІЖК 201-бабына сәйкес іс бойынша мәліметтерді біз жария ете алмаймыз. БҚО полиция департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Рамазанов
Hyundai Accent пен LADA Largus көліктері соғылған. Бірақ қарсы жолаққа кім шыққаны әзірге белгісіз.
Полиция қызметкері ішкі істер органдарында 20 жылдан астам жұмыс істеді. Ол мас күйінде көлік айдағандықтан қамауға алынды. Тиісті сараптамалар алынды. Жан-жақты әрі объективті тергеу жүргізіледі. Кінәлі адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.Нұрлан Рамазанов
ҚР ҚК 345-бабы "Жол қозғалысы ережелерін бұзу" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі апат салдарынан 51 жастағы азамат жедел жәрдем келгенше қайтыс болғанын айтты.