Түркістан облыстық ПД бастығы болып Мұрат Қабденов тағайындалды
ҚР ІІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, Түркістан облысына жұмыс сапарымен Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев келді. Министр облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бірге жаңадан салынып жатқан облыстық Полиция департаментінің ғимаратында болып, құрылыс барысымен танысты.
Министр кезекші бөлім мен полиция қызметкерлерінің қызметтік кабинеттерін қарап шықты, сондай-ақ, құрылыс жұмыстарының сапасын бағалады. Одан кейін еліміздің бас полицейі жеке құрамға Түркістан облысы Полиция департаментінің жаңа бастығын таныстырды.
Мұрат Талапұлы Қабденов құқық қорғау органдарында 1992 жылдан бері жұмыс істейді. Жедел құрылымдарда жұмыс тәжірибесі мол. Әр жылдары Батыс Қазақстан облысының ІІД, ІІМ Әкімшілік полиция комитетін басқарды, сондай-ақ, Ішкі істер министрінің кеңесшісі болды. Соңғы жылдары ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы болып қызмет атқарған.