Түркістан облысында күн райына байланысты жолдар жабылып жатыр
Түркістан облысы аумағында қалың қар жауып, ақ түтек боран басталды. Күннің суытуы көліктердің жүруіне кедергі келтіріп жатыр. Дамылсыз соққан ақ түтек боран жүргізушілер мен жолаушыларды әбігерге салуда. Азаматтардың амандығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ТО ПД-ның тиісті сала қызметкерлері республикалық, облыстық маңызы бар жолдарға жұмылдырылды.Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі
Осыған орай Түркістан облысының полицейлері бірнеше жолдардың жабылғанын ескертеді:
Атап айтсақ, республикалық маңызы бар А-2 «Алматы – Ташкент –Термез» тас жолы 593-602 «Шақпақ баба» аралығында қар, боран, таңғы уақытқа жақын ауа райы тіптен суып кетуіне байланысты, көктайғақ болу қаупі бар.
Шолаққорған мен Шаян елді мекендерінің (Бәйдібек) арасындағы жол жабық (боран);
Шолаққорған – Ащысай – Оранғай елді мекендерінің арасындағы (Созақ, Сауран ауданы) жол жабық;
Ақтас – Бірлік елді мекендерінің (Бәйдібек) арасындағы жол жабық;
Қызылорда тас жолында, Шорнақ ауылы мен Қызылорда арасы жабық.
Аталған республикалық және облыстық маңызы бар тас жолдарда қозғалыс тоқтатылды.
Осыған орай полицейлер азаматтарды күн райының өзгеруін бақылап, ескерту хабарламаларын назарға алуға және қажетті сақтық шараларын ұстануға шақырады.