Бас прокуратураның өтініштерді қарау тәртібі туралы жадынамасы
Бас прокуратура қадағалау органына жүгіну мәселелері бойынша қазақстандықтарға арналған жадынаманы жариялады.
"Прокуратура туралы" Заңның 6-бабының 6-тармағында қадағалауды жүзеге асыру кезінде прокуратура басқа мемлекеттік органдардың функцияларын алмастырмайды деп көрсетілген.
Осы Заңда прокурорлар қарайтын мәселелердің мынадай санаттары анықталған: өзін өзі қорғай алмайтын адамдардың, шектелмеген адамдар қатарының мүдделерінде, сондай-ақ орны толмас салдарлар қатері кезінде, мемлекеттік органдардың әрекетсіздігі жағдайында (6,7-баптар).
Басқаша айтқанда, егер келіп түскен жолданым жоғарыда көрсетілген санатқа жатпаса және басқа әкімшілік органның қарауына жатса, онда Бас прокуратура оларды сол жерге қайта жіберуге міндетті.
Атап айтқанда, жеке және заңды (мемлекеттік емес) тұлғалар арасындағы жер және мүліктік даулар бойынша, кооперативтердің ішкі даулары бойынша, тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық, еңбек заңнамасы, сот шешімдерін, шарттық міндеттемелерді орындамау саласындағы, екінші деңгейдегі банктер алдындағы кредиттік міндеттемелерді орындау, денсаулық сақтау, білім беру сапасы бойынша жолданымдар қайта жіберіледі.
Бұл уақытты біршама созады және арызданушы проблемаларының жедел шешілуіне теріс әсер етеді.
Осылайша, азаматтардың проблемасы тезірек шешілуі үшін олар мемлекеттік органдардың құзыретін білуі керек.
Сондай-ақ прокурор сот шешімдерінің барлығына бірдей наразылық білдіруге құқылы емес.
Азаматтық процестік кодекске сәйкес (2017 жылғы түзетулермен) прокурорлар мемлекет пен қоғамның, өз құқықтарын өз бетінше қорғауға қабілетсіз адамдардың мүдделері болған, сондай-ақ заңда көзделген немесе прокурордың қатысу қажеттілігін сот таныған жағдайларда ғана сот шешімдеріне шағымдарды қарауға уәкілетті.
Өз кезегінде жеке-құқықтық даулар бойынша тараптар даулы сот актілеріне сотқа дербес шағымдануға тиіс.