Зейнеткер шетелдік "нейрохирургке" сеніп, 5 млн теңгесінен айырылды
Щучинск қаласының 71 жастағы тұрғыны ерекше алаяқтыққа тап болды. 5 ақпан күні зейнеткер жергілікті полиция бөліміне хабарласып, шетелдікпен хат алмасқаннан кейін 4,9 млн теңгесінен айырылғанын айтты. Алты айға жуық уақыт бойы алаяқтар шетелдіктің Қазақстанға кедергісіз ұшып келуі үшін жәбірленушіден әртүрлі себептермен АҚШ доллары түрінде қаражат сұрап отырған.
Алаяқтық фактісін полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркеді.
Жәбірленуші 2022 жылдың шілдесінде Instagram әлеуметтік желісі арқылы өзін Уильям Альберт деп таныстырған адаммен танысқанын айтты. Жаңа досы ақмолалыққа нейрохирург дәрігері болып жұмыс істейтінін және Сирияда Алеппо қаласының маңында екенін айтқан. Бұдан әрі байланыс Skype арқылы жалғасып, біраз уақыттан кейін шетелдік Қазақстанға келгісі келетінін хабарлаған. Алайда ол үшін зардап шегушінің жазбаша келісімі қажет болғандықтан, әйел оны Skype арқылы жіберген.
Шамамен екі күннен кейін өтініш берушінің электронды мекенжайына Біріккен Ұлттар ұйымынан хат келген. Онда БҰҰ-ның жалған өкілдері "Альберттің" қауіпсіз ұшып келуі үшін 2 мың АҚШ доллары көлемінде ақша қажет екенін хабарлаған. Зейнеткер көрсетілген шот бойынша талап етілетін соманы жібергеннен кейін, оған сол "БҰҰ өкілдері" хабарласып ақшалай қаражаттың дұрыс енгізілмегенін және Қазақстанға ұшатын ұшақ тоқтатылғанын айтып түсіндірген. Алаяқтар жарты жыл бойы рейстің тоқтатылуының әртүрлі себептерін ойлап тауып, ал әйел болса қажетті ақша аударымдарын жібере берген, туыстарының ешқайсысына жаңа досы туралы тіс жармаған. Жалпы, ақмолалық алаяқтардың шотына 10 мыңға жуық АҚШ долларын немесе 4,9 млн теңге жіберген. Ол бұл ақшаны туыстарынан қарызға алған, сонымен қатар банктерден екі несие алған.
Қазіргі уақытта тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Ақша аударымдарының түбіртектері мен хат-хабарлар тәркіленді.