Астанада «Ұлы дала рухы» фестивалі аясында теңге ілу мен жамбы атудан бәсеке өтті
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен, Астана қаласы «Қазанат» атшабарында республикалық «Ұлы дала рухы» фестивалінің 4 аймақ өңірлерінің жеңімпаз командалары арасында теңге ілу мен жамбы ату спорт түрлерінен финалдық бәсекелер өтті.
Жамбы ату спорт түрінен Түркістандық сұр мергендер жеңіске жетті. Түркістан облысының атынан сыңға түскен халықаралық «Алтын жебе» турнирінің жүлдегерлері, ҚР чемпионатының жеңімпаздары Сарыбай Айтбек, Ералхан Айкөз бабында екенін тағы бір дәлелдеді. Екінші орын Шығыс Қазақстандықтар еншісінде. Қола жүлде Ақтөбе облысында.
Теңге ілу сайысында да Түркістан облысының спортшылары жеңімпаз атанды. Түркістан облысының атынан сыңға түскен теңге ілуден Азия чемпионы Ізжанов Ғалымжан және Қамбаров Рахат, Садуақас Нұрбағлан барлық қарсыластарынан басым түсті. Екінші орын БҚО, үшінші орын Ақмола облысында.
Сондай ақ өткен демалыс кундері елорда төрінде «Қазанат» атшабарына жиналған жұртшылық республикалық «Ұлы дала рухы» фестивалінің аударыспақ спорт түрінен финалдық бәсекелерді тамашалады. Палуандар 50, 60 ,70, 80, +80 келі салмақ дәрежелерінде белдесті. Ақмола және Батыс Қазақстан облысының спортшылары 3:2 есебімен жеңіске жетіп, ақтық белдесуге жолдама алды.
Үшінші орын үшін таласта Шығыс Қазақстан облысы мен Жамбыл облысының палуандары төрт салмақ бойынша тең түсіп, ауыр салмақтағы Шығыс Қазақстандық палуан Темірхан Нұрбек жеңіске жетіп, Шығыс Қазақстан облысы қола жүлдені иеленді.
Чемпиондық белдесулер де тартысты өтті, Ақмола мен Батыс Қазақстандық палуандар төрт салмақ дәрежесінде тең түсіп, жарыстың жеңімпазы ауыр салмақта анықталды. Ақмола облысының балуаны Тимофеев Виктор жеңіске жетіп өз командасына жеңіс сыйлады.