Арыстықтарға алғашқылардың бірі болып жамбылдықтар қол ұшын созуда
Арыс қаласында орын алған жарылыстан зардап шеккендерге алғашқылардың бірі болып әулиеаталықтар қол ұшын созуда. "Көрші ақысы - Тәңір ақысы" деген тәмсілге терең бойлаған жамбылдықтар игі іске жұдырықтай жұмылуда.
Төтенше жағдайдың зардаптарын жою және жапа шеккендерге көмек көрсету мақсатында Жамбыл облысы әкімдігінде арнайы штаб құрылып, жұмысын бастап кетті. Орын алған оқыс оқиғаға Жамбыл жұртшылығының берген көмектерін бір орталықта жинау мақсатында арнайы пункттер ашылды. Нәтижесінде Жамбыл облысынан 75 тонна азық-түлік, киім-кешек тағы басқа тұрмысқа қажетті заттар тиелген жүк көліктері Арыс қаласына жеткізілді. Бұдан бөлек медициналық қызмет көрсету мақсатында да қажетті дәрі-дәрмекпен қамтылған арнайы 4 бригада жіберілді. Сонымен қатар Түркістан облысы денсаулық басқармасының сұранысымен 2,2 млн теңге көлемінде қажетті дәрі дәрмектер жеткізілді.
Бұдан бөлек, Арыс қаласынан облысымызға көмек сұрап келген 170-тен аса азаматқа жан-жақты көмек көрсетіліп, жайлы жағдайлар жасалуда.
Олармен облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың өзі жүздесіп, xал-жағдайларын білді.
Аймақ басшысының тапсырмасымен арыстықтарға барынша жағдай жасалуда. Оларға мұнда жағдай бір жақты болғанша қалағандарынша тұрақтауларына болады. Қажетті ас-су, медициналық көмек көрсетілуде. 2 жедел-жәрдем бригадасы, терапевт, мейірбике, псиxологтардың кезекшілігі жолға қойылды.
Сонымен қоса айта кетейік, облыс басшысы Асқар Мырзахметов және оның орынбасарлары мен департамент, басқарма басшылары және аудан әкімдері Арыс қаласындағы жарылыс салдарынан зардап шеккен тұрғындарға көмек ретінде бір күндік айлық жалақысын аударды. Бұл бастамаға өңірдегі өзге де мекемелер мен ұйымдар да атсалысуда.
Бүгінде Арыс қаласының аумағы 17 секторға бөлініп, облыстарға бекітілген. Бөлініске сәйкес, Жамбыл облысы жарылыс орын алған аумаққа жақын орналасқан 3-секторда қалпына келтіруге қатысты құрылыс жұмыстарымен айналысатын болады.
Қазіргі таңда 50 адамнан тұратын арнайы топ (обаға қарсы станцияның 16 маманы, тиісті құрал жабдықтармен, дезинфекциялау заттарымен жабдықталған 3 арнайы автокөлік, 13 СЭС маманымен арнайы жабдықталған 3 автокөлік, 20 адамнан тұратын келтірілген шығындарды есептеуші топ) қаланы тазалау, зарарсыздандыру, обаға қарсы дәрілеу жұмыстарымен айналысуда.
Бұдан бөлек құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін тағы 150 адам дайын тұр. Олар облысқа тиесілі 3-секторды тазалау мен қалпына келтіру шараларын атқаратын болады.