Елордада АҚШ және Қазақстан жастар ұйымдары өкілдері бас қосты
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында "Bolashaq" Қауымдастығының ұйымдастыруымен "Жастар ұйымдарының нетворкингі және тәжірибе алмасуы" жобасының кезекті бағдарламасы өтті. Аталмыш шараның екінші күні "ҮЕҰ + бизнес = жастарға арналған мүмкіндіктер" атты аймақтық конференциямен басталып, қазақстандық-америкалық жастар ұйымдары өкілдері бас қосты.
Жиынға шақырылған түрлі сала мамандары қатысушылармен пікір алмасып, атқарылған жұмыстар жөнінде сөз қозғады. Алғаш сөз кезегін "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, білім беру және инновациялар комитетінің төрағасы, IT маман, жас кәсіпкер Болат Башеев алды.
- Бүгінгі таңда елімізде IT саласы қарқынды дамып келеді. Оған қызығушы жастардың жоғары білім алуына және өзін-өзі дамытуына мол мүмкіндіктер жасалған. Кез келген жас маман өз жобасын әзірлеп, оны жан-жақты дамыта алады. Бұл – жас кәсіпкерлерге беріліп отырған үлкен мүмкіндік, - дейді Болат Башеев.
Қазақстандық-америкалық жастар ұйымдары өкілдерінің кездесуінде белсенді жастар алдағы уақытта бірлесе жұмыс жасап, өзара ықпалдастықты арттыру мәселелерін талқылады.
- Осы уақытқа дейін 60-тан астам елде болдым. Бірақ мен үшін Қазақстанның орны ерекше. Сіздер Орталық Азия елдері арасында үлкен мүмкіндіктерге қол жеткізе алдыңыздар. Қазір сіздер үшін жаңа бастамалар мен жаңа жобаларды жүзгере асыруға ең қолайлы уақыт деп білемін, - дейді "Kazakhstan Trade Council" директоры Дэвид М. Валера.
Шара барысында шетелдік ҮЕҰ-лар мен қазақстандық жастар ұйымдары арасындағы қарым-қатынасты нығайту, әлемдік үдерістер мен жаңа трендтерді игеру, тәжірибе алмасу тақырыптарында түрлі ойлар айтылды. Екі ел жастары өздеріне қызықты сауалдарды ортаға салып, өзара пікір алмасты.