Ұлт денсаулығын нығайту – үлкен іс
Қазір шын мәнісінде, елдегі ішкі тұрақтылықты сақтаудың бір жолы – қоғамдық диалог орнату болып тұр. Жұрттың тілегі, әр сала мамандарының талабымен санасу – әлеуметтік-экономикалық саясатты әрі қарай жетілдіре түсетіні сөзсіз. Өйткені қазір ақпарат өте тез жылдамдықпен таралады. Бұған технологиялардың қолжетімді болғаны да септігін тигізіп отыр. Соған сай қоғамдық сана да өзгерген. Міне, сондықтан, жұрт барлық іс жариялы түрде әділ әрі адал жүргізілуін қалайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауын "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" деп атауының мәні де осында. Президент ашықтықтың сақталуын, мемлекеттік саясаттың әділ әрі адал жүргізілуін талап ететінін жеткізіп, жергілікті атқарушы органдарға қоғаммен тығыз байланыс орнатуды тапсырып отыр. Бас құжатта
мемлекетті нығайту, отандық бизнесті қолдау, халықты әлеуметтік қорғау, экономиканы дамыту мәселелері түгел қамтылды. Ұлт денсаулығын нығайту жолдары да назардан тыс қалған жоқ.
Медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігі туралы сөз болса, алдымен ана мен баланың жайы айтылатыны белгілі. Президент тұрғындардың денсаулық көрсеткіштерінде, әсіресе, ана мен бала өлімі бойынша өңірлердегі теңгерімсіздіктерді дұрыс қозғап отыр. Иә, рас емдеу мекемелерін соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықтау және кадрлардың біліктілігін жетілдіруді үздіксіз жүргізу арқылы жылдан-жылға бұл көрсеткін төмендеп келеді. Дегенмен, осының өзі дамыған елдердің деңгейінен айтарлықтай жоғары. Міне, сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке медицинадағы нақты нозологиялар бойынша әрбір өңір үшін басымдықтар тізбесін құру және оның негізінде бюджеттік қаржыландыруды енгізуді тапсырды.
Қазақстанда 2020 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылатыны мәлім. Әйтсе де мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін сақтап қалады. Оны қаржыландыруға үш жыл ішінде 2,8 трилионнан астам қаржы бөлінетін болады. Жалпы жаңа жүйе медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға бағытталған. Сол себепті үш жылдық бюджет шеңберінде денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосымша 2,3 трилионнан астам қаржы бөлінбекші. Бұл қадам жүйенің кезекті сәтсіздікке ұшырамауы үшін өте қажет. Президент сақтандыру жүйесін жүзеге асыру мәселесіне барынша жауапкершілікпен қарауға шақырды. Сондықтан мамандардың қателік жіберуге құқысы жоқ.
Марат ЖҰМАНҚҰЛОВ, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы