Білім беру саласының бәсекеге қабілеттілігі артады
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Сындарлы қоғамдық диалог –қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Қазақстан халыққа арнаған Жолдауында бірқатар әлеуметтік-экономикалық мәселелер мен халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту бағытында нақты тапсырмалар жүктеді.
Меніңше бұл тапсырмалардың тиянақты орындалуы адами капиталдың сапасына келіп тіреледі. Cәйкесінше ашықтық, адалдық, креативтілік тұрғысында қоғамға мүлтіксіз қызмет ететін адами капиталды қалыптастыру бүгінгі жоғары оқу орындарына артылып отырған маңызды міндет саналады. Бұл орайда білім беру бағдарламаларының заман талабына сай жаңартылып, практикаға негізделген білім беру машықтарын жасақталуы керек. Мемлекет басшысы ерекше назар аударған маман даярлаудың отандық жүйесінің еңбек нарығынан тыс қалуы мәселесі де біздің жіті назарымызда.
Күні ертеңі біздің университет мамандарының жұмыссыз қалмауы үшін жоғары білім беру бағдарламаларын жұмыс берушілермен бірлесе отырып, сараптаудан өткізіп, мазмұны жағынан жаңартып отырмыз. Бәсекеге қабілетті, жаһандану үрдістеріне жауап бере алатын мамандардың жаңа буынын қалыптастыру біздің тікелей міндетіміз. Сондықтан да біз білім беру ұйымы ретінде Президент жолдауындағы басты нысанаға алынған тапсырмаларын орындауға толық жауапкершілік аламыз.
Тәуелсіздігімізді сақтап, мемлекетімізді өркендету жолында Президент айқындаған стратегиялық бағытты әрдайым ұстансақ, ұлы істерді, жетістіктерді кейінгі ұрпаққа үлгі етіп жалғастырарымыз ақиқат. Бұл – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының міндеті.
Университеттің өкілдері жоғары білім беру жүйесінің сапасына қойылатын талаптарға ерекше назар аударып отыр. Осы орайда жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттыру үрдісін ескере отырып, университеттің түлектерінің білім сапасын арттыру қажет. Өйткені, университеттің табыстылығын бағалаудың негізгі критерийі - жоғары оқу орнынан кейінгі жұмысқа орналасу, жоғары ақы төленетін жұмыс орындарында жұмыс істеу.
Ержан Әмірбекұлы, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры