Мұғалімдердің мәртебесін арттырды
Білім күнімен тұспа-тұс жарияланған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Жолдауында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейтіліп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатыны баса айтылды. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін Қасым-Жомарт Кемелұлы халықты бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Ел болашағы – білімді ұрпақта. Білім тоқтаусыз, толассыз үрдіс. Осы арқылы адамның интеллектуалдық, рухани күші артып, тұлғалығы қалыптасады. Президентіміз өз сөзінде: "Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт – бағдар беру саясатына көшуіміз қажет. Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс. Аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке Дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсырамын", - деді.
Қазіргі таңдағы білім беру саласындағы өзекті мәселенің бірі – оқулық сапасының төмендігін баса айта отырып, оқушыларды сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету – тиісті министрліктің міндеті екенін атап өтті.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Жолдауда мұғалімдердің жалақысын көтеруге ерекше басымдық берді. Соның ең басты көрінісі – алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбек ақысын екі есе арттыру, яғни келесі жылдан бастап ұстаздар жалақысынның 25 пайызға көтерілуі. Мұны біз Мемлекет басшысының ұстаз қауымына деген құрметі мен қамқорлығы деп білеміз. Өйткені ұстаз – білім мен тәрбиенің қайнар көзі. Ұлт болашағын ұлылар жолына жетелеп, бала санасына адамгершілік пен ізгіліктің дәнін себетін қасиетті адам. Сондықтан осындай ұлы қасиетке ие ұстаздар қауымының мәртебесінің өсуі олардың жақсы жалақы алуымен де тікелей байланысты екенін айтқым келеді. Демек, ұстаздардың әлеуметтік жағдайын реттейтін жалақы мәселесі елдік деңгейде қозғалып, Мемлекет басшысы тарапынан шешімін табуы да өте орынды.
Сөз соңында айтарым, біздің айқын мақсаттарымызды орындаушы –болашақ жастар болса, жастарды тәрбиелеу – ұстаздар қауымына ортақ іс. Олардың жалақысын көтеру арқылы оқушылардың саналы, білімді ұрпақ ретінде қалыптасуы тұрғысында мұғалімдерге зор жауапкершілік артылып отыр. Ендеше ел игілігі үшін атқарылып жатқан игі шараларға қолдау көрсету – кез келген қазақстандық үшін ортақ парыз.
Ләззат Қызылғұлова, Тараз қалалық мәслихатының депутаты