Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға Жамбылдықтардың жоспары айқын
Бүгінде халықпен тиімді кері байланыс орнату – басты талап. Мемлекет басшысы өзінің халыққа Жолдауында да: "Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады" - деп ерекше атап өткен-ді. Бұл бағытта аймағымызда да айтарлықтай жұмыстар қолға алынуда десек артық айтпаған болар едік.
Бұл туралы ел Президентінің "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Жолдауын түсіндіру бойынша өткен облыстық актив жиынында айтылды. Жиынды аймақ басшысы Асқар Мырзахметов ашып, жүргізіп отырды. Онда облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова баядама жасап, Жолдау жүктеген міндеттер мен талаптар бойынша өңірде атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
Бұған дейін айтылғандай, жергілікті тұрғындар көтеріп отырған мәселелерді зерделеу, халықпен кері байланыс орнату, жергілікті атқарушы органдардың жұмыс тәртібін жүйелендіру және оның тиімділігін арттыру мақсатында облыс әкімінің өкімімен Жергілікті атқарушы органдарының жұмыс алгоритмдері бекітілген болатын. Алгоритмге сәйкес, қала, аудан әкімдері 5 күн бұрын басылымдарда, әлеуметтік желілерде, ресми сайттарда тұрғындармен өткізетін кездесу орны, мерзімі туралы хабарлау керек. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың интернет кеңістікте жұмыс жүргізудің тәртібі бекітілген. Бұған дейін, аз-кем сылбырлыққа жол берілгенімен, қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстарды ширату жүктелуде.
Сонымен бірге, ағымдағы жылдың 28 тамызында "Жамбыл облысы әкімінің және облыс әкімдігінің лауазымды тұлғаларының әлеуметтік желілердегі парақшаларын, облыс әкімдігінің ресми сайтын, Қазақстан Республикасы электронды Үкіметіндегі облыс әкімінің (e-gov.kz) "Ашық диалог" порталын жүргізу жөніндегі нұсқаулық" бекітілді. Ендігі кезекте, басқарма басшылары және Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің тоқсан сайын осы бағыттағы жұмыстары қаралатын болады. Бірінші басшылар азаматтардың мәселелерін барынша жергілікті деңгейде шешіп, орталық органдарға немесе Президент Әкімшілігіне жүгінуге мәжбүр еткізбеу керек.
Жиында Асқар Исабекұлы арыз-шағымдарға берілген жауаптарға қанағаттанбаушылық сол салада күрделі түйткілдердің бар екеніндігін көрсететінін ашып айтты. Алдағы уақытта мемлекеттік органдардың жұмысы азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектеріне заңнама шеңберінде жедел әрі қайта қайырылмайтындай жауап беруіне байланысты бағаланатын болады деген өңір басшысы, әрбір белсенді азаматтардың дерекқоры жасалатынын жеткізді. Ол бойынша арнайы қоғамдық комиссия құрылып, түйінді түйткілдермен жан-жақтьы жұмыстар жүргізілмек.
Жиында, Жолдаудың өзге де бағыттарына басымдықтар беріліп, мәселелер мазмұны талқыланып, алдағы жоспарлар сараланды.