Шу ауданында 100 мегаВаттық күн электр станциясы салынуда
Айта кетейік, Жамбыл облысы баламалы энергия көздерін пайдалану жағынан көш бастап тұр.
Жамбыл облысының Шу ауданында алып күн электр станциясы салынып жатыр. Инновациялық жобаның қуаты – 100 мегаВатт. Оны жүзеге асыруға инвесторлар тартылды. Жаңа жоба еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі электр энергия тапшылығын жоюға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 70 пайызы аяқталды. Іске қосылған кезде бұл өңірдегі ең қуатты күн электр станцияларының бірі болмақ. Жобаның жалпы құны 61 миллиард теңгені құрайды. Аумағы 500 гектар жерге орналасқан. Станция құрылысы ауданның Алға ауылдық округінде жүргізілуде. Бүгінде онда 60 жергілікті тұрғын жұмыс істеуде. Іске қосылғанда тағы 20 адам жұмысқа тартылмақ. Мамандардың айтуынша, станция көлемі Шу секілді 4 ауданды электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз етуге қауқарлы болмақ.
"Өнімділігі жоғары. Толықтай автоматтандырылған жүйеде жұмыс істейді. Жел, қар сияқты табиғи құбылыстардан өзін қорғай алады. Қазір ең күрделі жұмыстар аяқталды. Тек модульдерді орнату ғана қалып отыр. Модульдерді де белгіленген уақытта аяқтауға ниеттіміз. Барлық желі жер астымен жүргізілген. 25 жылға дейін үздіксіз қызмет етеді. Жыл соңына дейін іске қосамыз. Соңғы үлгідегі қондырғылар Еуропа, АҚШ және Қытайдан әкелінген. Қазір оларды орнату жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Оған 250 адам тартылған. Жобаның ерекшелігі арнайы тақтайшалар таң атқаннан бастап күн батқанға дейін күнмен бірге айналып тұрады. Бұл өнімділікті бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді. Мұнда 350 мыңнан астам күннен қуат өндіретін модульдер орнатылады",-дейді жоба жетекшісі Джордж Диаб.
Айта кетейік, Жамбыл облысы баламалы энергия көздерін пайдалану жағынан көш бастап тұр. Елімізде жаңартылған энергия көздерінен қуат өндіретін 59 нысан болса, оның 43 пайызы Әулиеата өңірінде іске асырылып жатыр.
Қазір аймақта күннен, судан, желден қуат өндіретін 10 станция тұрақты жұмыс істейді. Бұл нысандарда өндірілген қуат облыс тұтынып отырған энергияның 36 пайызын қамтуға жеткілікті. Ал, 2023 жылға дейін тағы 25 жобаны іске асыру көзделіп отыр.