Жамбылда 911 адам деструктивті діни ағымдарда
Бүгінде Жамбыл облысы бойынша 911 азамат деструктивті діни ағымдардың ықпалында жүр.
Жамбыл облыстық дін істері басқармасы ислам бағытындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі бөлімінің басшысы Еркебұлан Ақбайдың айтуынша, өңірде оңалту жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
- 2015 жылдан бүгінге дейін жүргізілген оңалту жұмыстарының нәтижесінде, деструктивті діни бағыттағы 679 азамат қоғамға бейімделсе, оның 118-іне ағымдағы жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қол жеткізілді. Оның ішінде 11 азамат жастар санатына кіреді. Аталған жұмыстар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментімен бірлесе отырып, еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан ұсынылған оңалту критерийлеріне сәйкес жүргізілуде. Ағымдағы жыл ішінде теолог мамандар тарапынан түзеу мекемелеріндегі 172 адаммен жеке кездесулер өткізілді. Жоғарыда аталған жеке кездесулер жыл басында арнайы әр сотталушыға жеке бекітілген теологиялық оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес жүргізілді, – дейді Е.Ақтай.
Бүгінгі таңда өңірден 25 азамат шетелдік діни оқу орындарында оқып жүр. Алайда сол 25 азаматтың 14-і Сауд Арабиясы, Пәкістан, Мысыр, Қырғызстан мемлекеттерінде күмәнді оқу орындарында оқып жатқан болса, қалған 11-і Түркия, Мысыр мемлекеттерінің жоғары оқу орындарында білім алуда екен. Сондай-ақ, ел ішінде жолдан тайдыруға үгіттейтін топтар да аз емес десек, алайда, олардың дені құзырлы мекемелердің құрығына ілінуде екен.
- Ағымдағы жылдың басынан бері өңірде полиция қызметкерлері діни бағыттағы 34 әкімшілік-құқық бұзушылық фактілерді анықтаған. Оның 16 дерегі ел аумағы мен шекаралас мемлекеттер азаматтарының тыйым салынған экстремистік сипаттағы әдебиеттерді заңсыз әкелуіне қатысты болып отыр. Жалпы саны 27-ден аса экстремистік мазмұндағы кітап тәркіленіп, Әкімшілік құқық бұзушылық қылмыстық кодексінің 453-бабы бойынша тыйым салынған экстремистік әдебиетті республика аумағына әкелгені үшін Қырғыз Республикасының 14 азаматы және Ресей мен Өзбекстан мемлекетінен 2 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған,- дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі өз мәліметінде.