Республикалық маңызы бар жоба Жамбылда басталмақ
Қазақстан бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша әлемнің 190 елі арасында 28-орында тұр екен. Бұл туралы бүгін «DoingBusiness» рейтингінде Қазақстанның позицияларын жақсарту мәселелері талқыланған Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин айтты.
Жамбыл облысының әкімі Асқар Исабекұлы Мырзахметов, қарапайым заттар экономикасын дамыту бағытындағы үй іргесіндегі шаруашылықты жаңғырту бойынша жобасын Үкіметке ұсынды. Әкімнің баяндамасынан облыс халқының саны 1 млн 125 мың екенін, оның 60 пайызы немесе 650 мыңы ауыл халқын құрайтынын естідік. Олардың жұмысқа жарамдысы 325 мың адам екен.
Тұрғындардың тұрмысын арттыру – бүгінгі күннің басты талабы. Ол үшін үкімет қаржыны да аяп жатқан жоқ. Тек соны іске асыру тетігі ғана солғындау. Тиімді жоспар, өтімді бағамдау ғана түйткілді шешер сәт туды. Ол үшін облыс басшылары белді бекем буып, нар тәуекел етпесе бәрі бекер. Бұл бағытта өңірде қолға алынып отырған ауқымды пилоттық жобаға старт беруге Жамбыл облысы сақадай-сай тұр. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында аймақ басшысы Асқар Мырзахметов, өздерінің асқақ мұраттарға талпынысын баяндап, нақты мәселелердің қалай жүзеге асатынын жіліктеп-жіліктеп шағып берді. Тек оны Үкіметтің қолдауы мен қорғауы ғана қалған сыңайлы.
Ашығын айу керек, ауылды жердегі халықты жаппай жұмыспен қамтудың бірден бір жолы – ол қосалқы шаруашылыққа қолдау көрсетіп, дамыту. Осы орайда бұған дейін облыс әкімінің өзі бастаған жұмысшы топ өңірдегі барлық аудан, ауылдық елдімекендерге арнайы барып, 138 мың аула толық зерделенген көрінеді. Талдау нәтижесі көрсеткендей, салыстырмалы түрде тұрғындар қосалқы шаруашылықты тиімді табыс көзіне айналдыра алмай отырғаны анықталған. Себеп – тиісті ұйымдастыру жұмыстарының жоқтығы.
Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі Біржан Сартбек облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасы туралы былай дейді: Осы тұрғыда зерделеу барысында тұрғындардың ұсыныстарымен халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған 5 бағыт қарастырылып отыр. Олар: үй іргесіндегі және ауыл сыртындағы (пайлық) жерлерді тиімді пайдалану, үй ауласында мал және құс өнімділігін арттыру, қосалқы шаруашылықтарды жемісті жүргізуге қолбайлау-мәселелерді кооперативтер арқылы шешу және ауылдағы шағын жобаларды қаржыландыру.
Бұл 5 бағыт бойынша жалпы құны 46,4 миллиард теңге көлемінде 31 мыңнан астам жобаны іске асыру мүмкіншілігі анықталып отыр. Нәтижесінде 131 мың отбасы немесе 600 мыңнан астам адам айына орташа есеппен 128 мың теңге көлемінде тұрақты табыспен қамтылып, 68 мың тұрғын өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар жеке кәсіпкерге айналады деп күтілуде. Сол секілді, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 34 пайызға ұлғайып, Сүт пен етті қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 30 пайызға артуы есептелген. Бұл әлбетте жалпы жұмыстың түпкі табысына айналмақ.