Тараздықтарға ыстық су жыл бойы беріледі
Тараздықтарға ыстық суды жыл он екі ай бойы пайдалануына жағдай жасалуда. Осылайша, жылдар бойы күрмеуі тарқатылмай келе жатқан мәселелер шешімін таппақ.
Бұл мақсатта шетелдік инвесторлар тартылып, жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Аталған шаруаның төңірегінде жұмыс барысын энергетика саласының мамандары "Тараз энерго орталығында" өткен жиында шетелдік компания өкілдерімен талқылады.
Айта кетейік, 55 жылдан бері жұмыс атқарып келе жатқан "Тараз энерго орталығындағы" қондырғылардың едәуір бөлігінің тозығы жеткен. Барлық құрылғылар мен жабдықтар жаңалауды қажет етеді. Басқосу барысында да модернизациялау мәселесі қаралып, алдағы он жыл ішінде қайта құру жұмыстарын шет елдік компания өкілдерімен бірлесе отырып шешу мәселесі қаралды.
"Тараз энерго орталығымен" бірлесе іс атқаруға "Sterling And Wilson" компаниясының өкілдері қызығушылық танытып отыр. Жаңадан келіп жатқан арабиялық компаниядан бөлек, мекеме Ресей және қытайлық әріптестерімен де жақсы байланыс орнатқан.
– Жан-жақты жұмыс жасайтын біздің компания энергожүйелердің құрылысымен айналысады. Біз энерго жүйелерін құрып тарататын, сонымен қатар халықаралық деңгейде жұмыс жасайтын бірден-бір өндіріс орнымыз. Қазір әлемнің түкпір-түкіпірімен бірлесіп жасайтын мекемелеріміз бар. Ал, бүгінгі Таразға келу мақсатымыз – осындағы энергоорталықты жаңарту, – дейді инвесторларды бастап келген компания өкілі Рашид Хан.
Осылайша, шаһардағы энерго орталық толықтай жөндеу көріп, жаңа технологиялар қолданысқа беріледі. Нәтижесінде, коммуналдық төлемдер бағасының айырымы төмендеп, тұрғындарға да тиімділік қарастырылады.
Айта кетерлігі, алдағы уақытта Жамбыл өңіріндегі 437 қазандықтың 11-не жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Сонымен қатар көп қабатты тұрғын үйлер мен бюджеттік мекемелердің қысқа әзірлігі пысықталмақ. Облыс орталығындағы 240 шақырым жылу құбырларының 25 шақырымға жуығы қайта жаңғыртудан өткізілмек. Оған "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша биыл 7 миллиардтан астам қаражат бөлінген. Осының арқасында тозған жылу жүйелерінің деңгейін 60 процентке дейін төмендету көзделіп отыр.