Жамбыл облысында қызылшаға қарсы міндетті егу жұмыстары басталды
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша Еуропа елдерінде қызылша ауруының кең таралуы және өсуі екпенің дер кезінде салынбағандығынан деп танылған болатын.
Жамбыл облысында қызылшаға қарсы екпе егу науқаны басталды. Екпе 20 мен 29 жас аралығындағы жастарға міндетті. Бұл туралы Жамбыл облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігі және сапасын бақылау департаменті басшысының орынбасары Ғазиз Надуев айтты.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша Еуропа елдерінде қызылша ауруының кең таралуы және өсуі екпенің дер кезінде салынбағандығынан деп танылған болатын. Мұндай қолайсыздық Қазақстанды да айналып өтпеді. Мамандардың айтуынша, 2018 жылдың қараша айынан бастап біздің елде де қызылша ауруына шалдығушылар саны артқан.
- Қызылша аурушаңдығы көбінесе 0-1 жасқа дейінгі екпе егілмеген бүлдіршіндердің арасында тіркелуде. Осыны ескере отырып, ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап 9-10 айлық 11 мыңнан аса балаға егу жұмыстары жүргізіледі. Бұған 3 мыңға жуық дәрігер қамтылған. Ал енді қызылша аурушаңдығының алдын алу мақсатында өңірде 20 мен 29 жас аралығындағы топтарға қызылша мен қызамыққа қарсы қосымша иммундау науқаны басталды,- Ғазиз Надуев.
Жамбыл облыстық денсаулық басқармасының жұқпалы ауруларды тәуекелдерін басқару консультативті-әдістемелік орталығының басшысы Гуля Мирзабекова облыс бойынша 428 науқас осы инфекциямен ауырып, ем алып шыққанын айтады.
Осы ретте қызылша қандай ауру деген сұраққа да мамандар жауап қатты.
- Басты белгілері денеге бөртпелер шығып, жөтел пайда болады. Көз шырышты қабаты тітіркеніп, адамда дене қызуы көтеріледі. Індеттің алдын алмаса пневмония, жүйке тамыр жүйелерінің бұзылуы сияқты асқынуларға соқтырады. Ауа тамшылары арқылы жұғады. Алайда, аурудың алдын-алуда таптырмас құрал - балаға екпе салдыру, - дейді Гуля Мирзабекова.
Өз кезегінде Гуля Мирзабекова облыстағы ата-аналарды қызылшаға қарсы міндетті егу жұмыстарына жауапкершілікпен қарауға, сондай-ақ балалардың салауатты өмір салтын сақтауын қадағалауға шақырды.