Асқар Мырзахметов: Білім сапасы – басты назарда
Бұл бойынша бағалау-бақылау жүйесін жетілдіре түсіп, барынша шынайылыққа көз жеткізіп, нақты шаралар қабылдау қажет. Бүгін облыстық білім басқармасының тоғыз айлық жұмысының қорытындысымен танысқан аймақ басшысы Асқар Мырзахметов осылай деді.
Жиында аталған басқарма басшысы Рахия Тұрмағанбетова ағымдағы жылдың алғашқы үш тоқсанында атқарылған жұмыстарға тоқталып, оң өзгерістерді баяндады. Атап айтсақ, ағымдағы жылы облыс бойынша мектеп бітірген 8813 түлектің 317-і "Алтын белгі" төс белгісіне, ал 242 оқушы "Үздік" аттестатқа ие болған. Ал, ұлттық бірыңғай тестілеудегі орташа көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,3 баллға өссе, биылғы түлектердің 75,5 пайызы жоғары оқу орындарына түсті.
Басқарма басшысының айтуынша, есепті мерзімде республикалық және халықаралық деңгейдегі олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарында облыс оқушылары барлығы 132 медальға ие болыпты. Сондай-ақ, 10 мектеп түрлі пәндер бойынша республикадағы "100 үздік мектеп" қатарына енгендігі де ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктердің бірі. Ол ғана емес, өңірдегі 1232 педагог республикалық, халықаралық байқаулар мен қашықтық олимпиадаларында, тағы 4 ұстаз "Үздік педагог – 2019" республикалық конкурсының жеңімпазы атанған.
Басқосуда жемісті жұмыстардан бөлек саладағы өзекті мәселер де қаузалды. ҚР Премьер-Министрі мен облыс әкімі арасындағы меморандум, облыс әкімі және облыстың аудандары мен Тараз қаласы әкімдері арасындағы келісімдердегі межелі көрсеткіштер мен ҚР білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы қаралды. Жалпы нәтиже қалыпты деңгейде десек те, тиісті көрсеткіштерге қол жеткізе алмаған бірқатар аудандардың жұмыстары сынға алынды.
Сонымен қатар, білім сапасын бақылау, бағалау жүйесін жетілдіре түсудің маңыздылығын жеткізген Асқар Исабекұлы бұл орайда адымдап болса да алға жылжып отыруды міндеттеді. Облыс мектептерінің рейтингілерін құрудағы талаптарды күшейте отырып, төмен көрсеткіштерді көтеру бойынша жоспарлы-шаралар барысын да қалыптастыру қажеттілігі айтылды. Сондай-ақ, есепті жиында мектеп инспекторларының жұмыс жүйесі, оқушылардың тиісті санаттарын тегін ыстық тамақпен, киім-кешек және тасымалмен қамтудағы қоғамдық бақылау шаралары сараланып, көрсеткіштерге көңіл бөлінді.