Шөкеев: Арыстың дамуы қүрылыс жүмыстары аяқталған соң да қарқынды жалғасады
Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласында өткен апталық аппараттық мәжілісте қадап айтты.
Арыс қаласындағы экономикалық-әлеуметтік даму жұмыстары жаңа қарқында жалғасын таппақ. Отырыста Арыста атқарылып жатқан жұмыстар мен жол, кәріз жүйесі және құрылыстың құжаттандыруы жайлы соңғы мәліметтер талқыланды. Жиында Нұр-Сұлтан, Ақмола, Ақтөбе, Шымкент, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстарының өкілдері құжаттарды толық рәсімдеп, орталыққа тапсыру жағын кешіктіріп жатқаны жайлы айтылды. Облыс басшысы бұл мәселені жылдамырақ шешуді тапсырды. Сондай-ақ, Ақтөбе секторына қарайтын бірнеше үйдің қайта сараптаудан өткені белгілі болды.
Нәтижесінде олар толық сүріліп, жаңадан соғылады. Құрылысты облыс өз қолына алды. Жарылыстан 8 мыңнан астам тұрғын үйдің 7634-і зақымданған болса, зерттеу-зерделеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін тұруға жарамсыз деп танылған 474 үй қайта басынан салынуда. Қазіргі таңда 330 үйдің құрылысы аяқталды. Толық сүріліп тастап, қайта көтерілген 144 үйдің құрылысы да аяқталуға таяды. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Қаладағы инфрақұрылымды реттеу барысында Арыс қаласының кәріз жүйелері толық жөндеуден өтіп, автоматтандырылды.
Арыс жылыту маусымына да толық дайын. Зақым келген Арыс көшелері де жөндеуден өтті. 16 көшенің аяқжол салу жұмыстары аяқталып, жарықтандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ аппарат мәжілісінде облыстағы мал және өсімдік шаруашылығы салаларының 9 айлық жұмыс қорытындысы жайлы баяндама жасалды. Өмірзақ Естайұлы өсімдік шаруашылығы өнімдерінің импортына және мал бордақылау алаңдарындағы барлық талаптардың сақталуын қатаң бақылауды тапсырды.
Мал ауруларының алдын алу және емдеу мақсатында ҚР АШМ-ң ветеринарлық қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясымен бірлесіп облыстық ветеринарлық қызметін жұмылдыру және күшейтуді тапсырды. Аймақ басшысы азық-түлік өнімдерінің сақтаудың маңыздылығын да атап өтті.