Назгүл Бажаева: Цифрландыру жұмыстарына халықтың да қолдауы қажет
Назгүл Бажаева – цифрландыру саласындағы білікті мамандардың бірі. Бүгінде ол Сан-Францискодағы ҚР Бас консулдығында цифрлық экономика бойынша кеңесші болып қызмет етеді. Біз Назгүлмен Қазақстандағы цифрландыру жұмыстарының бүгінгі жай-күйіне қатысты сұхбат құрған едік. Назарларыңызға ұсынамыз.
- Сұхбатымызды еліміздегі цифрландыру процесінің бүгінгі жағдайынан бастасақ. Қандай оң өзгерістер бар?
- Бүгінде мемлекет тарапынан цифрлық экономиканы дамыту, кәсіпорындар мен жалпы елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында нақты жұмыстар жасалып жатыр. Осы орайда елімізде Назарбаев Университетінің инновациялық технологиялар паркі, "Astana Hub" халықаралық IT-стартаптар технопаркі сияқты инновациялық кластерлер жұмыс істейді. Мұны жетістіктердің тек алғашқы сатысы деп санауға болады.
Ақпараттық технологиялар компаниялары, инвесторлар мен басқа да мүдделі тараптар үшін "Astana Hub" цифрлық платформасы қалыптасты.
Елімізде цифрлық экожүйені дамытуға, әлемдік нарықта сұранысқа ие инновациялық идеяларды қалыптастыруға жағдай жасалған. Бастысы жұмысты жүйелі түрде жасап, еңбек ете білсек, жақсы нәтиже болары сөзсіз.
- "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы туралы не айтасыз? Қандай нәтиже күтесіз?
- Еңбек өнімділігін арттырып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуда цифрлық технологиялардың маңызы зор. Ұлттық экономиканы цифрландыру бойынша алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесі зерделеніп, аталмыш бағдарлама қолға алынды.
Бір ғана мысал, жақында Нұр-Сұлтан қаласында IT-университет ашылды. Оған 600 білім гранты бөлінді. Сондай-ақ халықаралық компаниялармен бірге қосымша "Astana Hub" технопаркінде 9 R&D зертханасы ашылды.
2022 жылдың соңына дейін "Astana Hub" технопаркіне 67 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарланған. Хабта жыл басынан бері 300-ден астам кәсіпкер оқытылды.
Бүгінгі таңда төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін, 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, роботтандыру, жасанды интеллект және цифрлық сервистерді енгізуге және "үлкен деректер" алмасуға бағыт бұрдық.
- "Электронды үкімет" порталын құрушылардың бірі ретінде бүгінгі өзгерістерді қалай бағалайсыз?
- Мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Мемлекеттік қызметтердің 72 пайызы электрондық форматта көрсетіледі. Орташа есеппен алғанда құжаттармен жұмыс жүргізу 12-ден 7 күнге дейін азайып, 70,8 млн. қағаз айналымы қысқарған.
Сондай-ақ, ақпараттық жүйелерді біріктіру нәтижесінде, мемлекеттік қызмет көрсету процесін проактивтік форматқа көшіру бойынша оңтайландыру жұмыстары жүріп жатыр. Мәселен, 1 қарашадан бастап мекенжай анықтамасы талап етілмейді.
- Десек те, жетілдіру жұмыстары әлі де қажет екенін жоққа шығар алмаймыз. Цифрлық трансформацияда қандай проблемаларды байқадыңыз?
- Мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік және жеке секторлар күн сайын көп деректер жинайды. Деректер базасын құру үшін ауқымды жұмыс жасалды. Алайда қалыптасқан деректер экономиканың өркендеуіне әсер етуі үшін жасанды интеллектің қолданылуы мен графикалық талдауларды жақсарту бағытында әлі де көп жұмыс атқару қажет.
Бұл бағытта үлкен деректерді талдау негізінде "Smart Data Ukimet" жобасы қолға алынған.
Жалпы Цифрландыру мемлекеттің және халықтың да қолдауын қажет ететін үлкен жұмыс.
- Бірнеше жылдан бері IT-технология саласында қызмет етіп келесіз. Цифрландыруға қатысты департаментке де жетекшілік еттіңіз. Болашағыңызды бұл саламен байланыстыруға бола ма?
- Иә, еңбек жолымды Ақпараттық технологиялар департаментінің сарапшысы қызметінен бастап, он жылдың ішінде департамент директоры лауазымына дейін көтерілдім.
Қазіргі таңда Сан-Францискодағы ҚР Бас консулдығында цифрлық экономика бойынша кеңесші болып жұмыс істеймін. Негізгі мақсат – Қазақстанға инвестиция тарту, IT-компаниялар мен стартаптарға халықаралық нарыққа шығуға көмек көрсету.
Жақында Нью-Йорк қаласында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-тың бизнес өкілдерімен кездесуі нәтижесінде, америкалық "Plug and Play" акселерациялық компаниясы Нұр-Сұлтан қаласында энергетикалық, инновациялық Орталық Азия хабын құруды жоспарлап отыр. Яғни, бұл IT-компанияларымыз сонау АҚШ-тағы Кремний алқабына бармай-ақ, "Plug and Play" компаниясы арқылы акселерациядан өтіп, халықаралық деңгейге шығуға мүмкіндік алады деген сөз.
- Сұхбатымыздың соңында "2017 жылдың ең үздік мемлекеттік қызметкері" ретінде мемлекеттік қызметкерлерге қандай кеңес берер едіңіз?
- Мемлекеттік қызметте жоғары лауазымға, үлкен жетістіктерге жету үшін ең бастысы кәсібилік пен қайсарлық қажет. Өз саласына деген жауапкершілік жоғары деңгейде болуы шарт. Әрине, өмір жолында әртүрлі кедергілер мен қиындықтар кездеседі. Соның ішінде барлық күрделі жағдайлар мен мәселелерді әділетті шешуге тырысу қажет. Бастысы қаңдай лауазымда болсаң да, адамгершілік қасиетті биік қойған жөн деп ойлаймын.
- Көп рақмет!
Сұхбаттасқан: Марфуға ҚАРАМАН