"Самұрық-Қазына" 9 айда 813 млрд теңге салық төлеген
"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ-ның компаниялар тобының мемлекеттік бюджетке салған тоғыз айдағы түсімі 102 млрд теңгеге өскен. Бұл туралы Қордың баспасөз қызметі хабарлады.
Дәлірек айтсақ, 2019 жылдың басынан бергі Қордың бюджетке түсімі, яғни, салығы 813 млрд теңгені құраған. "Осылайша, Қордың компаниялар тобының салықтық төлемдері Қазақстан Республикасының бюджетіне түсетін барлық салықтың 10%-ын құрап отыр", - деп нақтылайды компанияның баспасөз қызметі.
Салыстыра кетсек, 2018 жылы компанияның негізгі қызметтен түскен табыс 2017 жылмен салыстырғанда 35% артып, 8,5 трлн теңгені құраған еді. Ал таза кіріс 83 процентке ұлғайып, 1,1 трлн теңгеден асқан. Ал, "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры 2018 жылы республика бюджетіне 1 трлн теңгеден астам салық төлеген.
Айта кеткен жөн, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының активі шамамен 68 млрд долларды құрайды. "Самұрық-Қазына" тобына мұнай-газ және көлік-логистика секторларының, химия және атом өнеркәсіптерінің, тау-кен кешендерінің, энергетика, машина құрастыру және жылжымайтын мүлік салаларының кәсіпорындары кіреді.